Ұстаз көрген хат таныр

208

Ұстаз – ұлт ертеңін қалыптастыратын  тұлғалардың бірі. Өйткені ол тек білім үйретуші ғана емес, жас ұрпақ санасына жарық сәуле түсіретін шамшырақ іспетті. Оның шәкіртіне берген әрбір сөзі – болашақтың іргетасы, әрбір ісі – қоғам дамуының қозғаушы күші. Қарапайым ғана сынып бөлмесінен басталатын сабақ нәтижесі кейін ел тағдырына ықпал ететін үлкен істердің бастауына айналмақ. Тарихқа көз жүгіртсек, әр дәуірдің ұлы тұлғаларының қасында оларға бағыт-бағдар берген ұстазы тұрған. Ескендірге – Аристотель, Шәкәрімге – Абай, Жамбылға – Сүйінбай үлгі болғаны секілді, әрбір адамның жетістік шыңын бағындыруында ұстаздың ықпалы айқын.

 

                                                Ерен еңбегі еленді

 

Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласының бірқатар өкілін марапаттады. Олардың арасында қаламыздағы К. Ушинский атындағы №7 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Шырын Жұмағалиева да бар. Ұстаз білім саласына қосқан зор үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Ол кәсіби білікті маман, коммуникативті қабілеті жоғары, жаңалыққа құштар мұғалім ретінде ерекшеленеді. 40 жылдық тәжірибесі бар педагогтың оқушылары қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде нәтиже көрсетуде. «Мұғалім-TAIKS» республикалық мұғалімдерді қолдау жобасының, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың қатысушысы,  сондай-ақ, «Халықаралық зерттеу тапсырмалары», «Функционалдық сауаттылыққа байланысты қысқа мерзімді жоспар тапсырмаларын құрастыру» сынды бірнеше байқау жүлдегері. Марапат иегері «Маған көрсетілген осынау жоғары құрмет тек менің емес, барша ұстаздар қауымының еңбегіне берілген баға деп білемін. Бұл – үлкен жауапкершілік. Президент атап өткендей қазіргідей құбылмалы заманда сапалы біліммен қатар, саналы тәрбиенің маңызы ерекше. Еліміздің болашағы саналар шәкірттеріміздің жарқын келешегі үшін аянбай еңбек ете беремін. Осы қуанышты сәтті бірге бөліскен баршаңызға алғысымды білдіремін»-деді.

                                         Заманауи мұғалім бейнесі

Гүлнар Исембаева, Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейі физика пәнінің мұғалімі, «Үздік мұғалім» номинациясының иегері:  «Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады». Бүгінде білім беру саласы қарқынды өзгерістер кезеңін бастан кешуде. Жаңа технология, цифрландыру, жасанды интеллект дәуірінде мұғалімнің рөлі  арта түсуде. Бүгінгі қоғамда ұстаздың мәртебесі  бұрынғыдан да жоғары. Себебі ХХІ ғасыр – білім мен ғылымның дәуірі. Ал, сол білімді шәкірт бойына дарытып, саналы азамат етіп тәрбиелейтін тұлға – заманауи мұғалім. Заманауи мұғалім – тек пән үйретуші ғана емес, ол  шәкіртінің жол көрсетушісі әрі шабыт берушісі. Бүгінгі ұстаз оқушыны тыңдай білетін, оның пікірін ескеретін, шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасайтын жаңа тұрпаттағы маман болуы тиіс. Баршаға мәлім Президенттің биылғы Жолдауында жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни, мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиістігін, осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн екенін атап өткен болатын. Цифрлық технологияның дамуы білім беру саласына тың серпін әкелері сөзсіз. 37 жылдық еңбек өтіліме сүйене отырып айтар болсам, уақыт ағымына ілескен, заманауи дағдыларды жетік меңгерген, кәсіби шеберлігін жетілдірген ұстаз қоғам дамуына нақты үлес қоса алады.  Бүгінгі мұғалім – жаңашылдыққа ашық, рухани бай, кәсібіне адал тұлға.

                                                   Әріптес тілегі

Айнұр Нұрғамит, №12 ОМГ биология, химия пәнінің мұғалімі: Білімнің қайнар көзі  ұстаздан бастау алады. Шәкірттің болашағына бағыт беріп, қолына қалам ұстатып, алғаш әріп танытатын да осы жандар. Оқушы алдындағы жауапкершілік  біздердің қасиетті борышымыз. Ұстаздық  қиындыққа толы, бірақ бір мезетте шексіз бақыт сыйлайтын мамандық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деген Ыбырай Алтынсариннің сөзі бұл жолдың салмағын дәл бейнелесе керек-ті. Өйткені, әр шәкірт жетістігінің артында мұғалім қолтаңбасы жатыр. Біздер үшін шәкірт тәрбиелеу міндет қана емес, өмірлік мұрат сынды. Ортақ мақсат, ортақ мүдде бір: ол — білімді де жасампаз ұрпақ қалыптастыру. «Бала – жас шыбық, қалай баптасаң, солай өседі» дегендей, ұрпаққа  дұрыс тағылымды тәлім-тәрбие беру  ұстаз бен ата-ананың бірлескен жұмысы. Меніңше «мектептің жүрегі» педагогқа деген құрмет пен сенім ешқашан азаймауы тиіс. Еңбегі бағаланған ұстаз қашанда жаңа белестерге шабыттанады.

                                                Ата-ана алғысы

Ләйлә Омарова, Құлжабай Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейі: Бұл күн – баламызға тәлім-тәрбие, сапалы білім беріп жүрген аяулы ұстаздарға шынайы алғыс айтуға мүмкіндік беретін ерекше сәт. Ұстаз – бала бойына тек білім нәрін сеуіп қана қоймай, оның адами қасиеттерін қалыптастыратын жан. Әрбір ата-ана баласының жақсы азамат болып өсуін қалайды. Бұл тұрғыда сол  мұратқа жеткізетін  мұғалімнің мейірімі мен еңбегі деп білемін. Ұстаз шәкіртін алға жетелейді, қабілетін ашып, үлкен өмір жолына дайындайды. Бұл – баға жетпес еңбек. Осы орайда қос балам Раяна мен Дарынның  бойына білім мен тәрбие дарытып жүрген ұстаздарға шын жүректен алғысымды жеткіземін. Өмірінің көктемі мен күзін, қысы мен жазын ұрпақ тәрбиесіне арнаған бағбандар еңбегіне сәттілік тілейміз. Балаларымыздың  саналы азамат болып қалыптасуы үшін аянбай тер төгіп жүрген жандарға алғысымыз шексіз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз