1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Талдықорған қаласында ардагерлер арасында шахмат турнирі өтті.
Турнирді «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы, Талдықорған қаласының бұқаралық спорт бөлімі және «Жастар рухы» жастар қанаты бірлесіп өткізді. Іс-шара Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ұйымдастырылып, шахмат тақтасының айналасында жиналған қарттар мерекелік көңіл күйде сайысқа түсті.
Шараны «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арын Арыстанғали Қадырұлы ашып, ардагерлерге ізгі тілегін білдірді:
– Қарттары бар ел – қазыналы ел. Сіздердің өнегелі өмір жолдарыңыз, елге сіңірген еңбектеріңіз біз үшін үлкен мектеп. Біз әрқашан аға буынға құрмет көрсетіп, жастарға үлгі етуіміз керек. Бүгінгі турнир – тек спорттық жарыс емес, аға буынның басын қосып, оларды құрметтеудің жарқын көрінісі, – деді ол.
Турнирге қатысқан ардагерлерге естелік сыйлықтар табыс етіліп, жеңімпаздар арнайы марапатталды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай игі шаралардың жиі өткізіліп тұруы қажет екенін атап өтті.
Халықаралық қарттар күні аясындағы шахмат турнирі ардагерлерге қуаныш сыйлап қана қоймай, жастарға үлкенге құрметтің, ұрпақтар сабақтастығының айқын үлгісін көрсетті.





























