20-шы мамыр күнгі мәлімет бойынша Алматы облысында COVID-19 инфекциясын 238 адам жұқтырған. Соның ішінде Талдықорған қаласында 28 адамнан аталмыш аурудың белгілері табылып отыр. Бұл туралы бүгін «Jetisy media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс бойынша бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Асхат Чарапиев мәлімдеді, — деп хабарлайды Тaldykorgan-online.kz

Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін Алматы облысының 33 мың тұрғыны COVID-19 инфекциясын анықтау үшін полимерлі тізбекті реакция зерттеуінен өткен.

«Соңғы күндері облыста коронавирустық инфекцияның 19 жағдайы тіркелді. Оның 12-сі – Талдықорған қаласынан анықталса, Кегенде – 4, Талғар қаласында – 2, Қарасай ауданында – 1 адам ауру жұқтырған. Мұндағы 19 науқастың 16-сы белсенді түрде анықталды, 3 адам медициналық мекемеге жүгінген кезде вирус табылды», — деді А.Чарапиев.

Өз кезегінде сөз алған облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел тұрғындарды сақтық шарасын ұстануға шақырды.

«Елімізде төтенше жағдай аяқталды екен деп көшеде бетпердесіз жүруге болмайды. Өкінішке орай қазіргі уақытта көптеген адамдар санитарлық талаптарды орындап жатқан жоқ. Бізге әлі де қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет», — деді Ғ.Жүкел.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK