Талдықорған қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен аймақтағы этномәдени бірлестік жетекшілерінің қатысуымен арнайы жиын өтті.
Осыдан соң жеке-жеке өздерінің өзекті ой-пікірлерін ортаға салып, ортақ талқы ұйымдастырған Ассамблея мүшелері мен этномәдени ұйымдардың төрағалары Президент Жолдауы ел экономикасын еселеп, халық тұрмысын жақсартуға жол ашатынын баса айтты.
– Бұл жолғы Жолдауында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта Қазақстанда бір палаталы Парламент құру мәселесін ұсынды. Ол экономикалық және дәйекті саяси реформалар жүргізудің тағы бір тың бағыты. Бұл жалпыға бірдей референдумда халық мақұлдаған ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістердің жарқан көрінісі. Бүгінгі геосаяси жағдайды және көрші мемлекеттердің алдында тұрған сын-қатерлерді ескере отырып, мен бейбітшілікті, тұрақтылық пен келісімді бірінші орынға қоямын. Кең байтақ қазақ даласындағы бірлік пен татулық ел дамуының кепілі», – деді ҚХА жанындағы жетекші журналистер клубының төрағасы Атсалим Идигов.
Сөз кезегінде Аналар кеңесінің төрағасы Несіпжамал Қасымбекқызы жастардың рухани дамуы мен қоғамдық бірлестіктердің рөлін тілге тиек етіп, бұл бағытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жұрт болып жұмыла ат салысу керектігін баса дәріптеді. Ал «Нахичевань» әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Фахреддин Магеррамов Жолдау елдің заман талабына сай өркендеуінің негізін айқындап бергенін атап өтсе, татар мәдени орталығы басшысының орынбасары Рустам Хакимов ауыл-аймақты аралап Жолдауды жұртқа жеткізу туралы өз ұсынысын жеткізді.
Айдын КӘЛІМХАН
https://7-su.kz/janalyqtar/kuenderek/zhasandy-intellekt-zhana-damu-bagyty-71246/





























