Жетісу облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген «Таза бейсенбі» жалпыұлттық экология күніне 6 мыңнан астам қатысты. Атап айтқанда, өңірдің білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларының қызметкерлері, сол сияқты кәсіпорындар мен мекемелердің ұжымдары өз аумағында ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Акция аясында мекемелер мен ұйымдардың маңайы, көше және жол бойы, сондай-ақ тұрғын үйлер маңы мен аулалары тазаланды. Соның нәтижесінде 367 тонна тұрмыстық қатты қоқыс шығарылып, 317 гектар жер аумағы толықтай тазаланды, 1500-ден астам ағаш көшеті отырғызылды .
Экологиялық акция ұйымдастырушылары мен қатысушылары шараға байланысты пікір білдірді.
— Табиғатты қорғау – бір күндік іс емес, ол күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Әр азамат өзінің туған жеріне, қоршаған ортаның тазалығына үлес қосуы қажет. Осындай игі бастамаларды алдағы уақытта да жалғастырамыз, — дейді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов.
Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Далдыбаев осындай шараларға еңбек ұжымы тұрақты қатысатынын айтады:
— Тазалық бар жерде — саулық бар. Акция барысында біздің қызметкерлер мен еріктілер көше бойын тазалап, жасыл аймақтарды ретке келтірді. Қала аумағындағы ауруханалар мен мектептерде, сондай-ақ түрлі мекеме-ұйымдарда ауқымды санитарлық жұмыстар жүргізілді, — деді ол.
Осы экологиялық акцияға Талдықорған қаласындағы №8 орта мектеп ұжымы да белсене қатысты.
— «Таза бейсенбі» акциясын мектеп аумағында апта сайын тұрақты түрде өткізіп келеміз. Жасыл желекке, гүлдерге күтім жасалады. Бұл мектеп оқушыларының жауапкершілік сезімін шыңдап, тәртібін қалыптастыруға оң ықпал етеді. Сонымен қатар тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті дамытуға және Талдықорғанның көркі мен санитарлық жағдайын жақсартуға әсер етеді деп ойлаймын, — деді мектеп директоры Самғат Долаев.
Айта өтсек, осы сенбіде, яғни 20 қыркүйекте жалпыоблыстық сенбілік өткізу жоспарланып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.





























