Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бір палаталы Парламент қалыптастыру жөнінде бастама көтерді. Бұл ұсыныс қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, Қазақстанда бір немесе қос палаталы парламенттің тиімділігі туралы мәселе жиі көтеріледі. Президент реформасын жүзеге асыру барысында қоғамдағы барлық пікірлерге жауап беруді көздеп отырғанын атап өтті.
«Бір жылдық талқылаудың ішінде «Парламент қандай болуы керек?», «Онда қанша депутат болуы тиіс?», «Қандай заңдар қабылдануы тиіс?» деген маңызды сұрақтарға нақты жауап берілуі қажет. Талқылаудан кейін заң жобасы әзірленіп, ол ұлттық референдумға шығарылады. Егер референдумда қолдау тапса, тиісті заңдарға өзгерістер енгізіліп, содан соң ғана сайлау мен өзге де қадамдар жасалады. Ашық әрі айқын саяси реформаның жол картасы көрсетілді», – деді депутат.
Айдос Сарым бір жылдың ішінде тек пікір алмасумен шектелмей, нақты шешімдер қабылдау маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, Мәжілісте 120-150 депутат жеткілікті болуы мүмкін. Сондай-ақ партиялар туралы заңды және сайлау, референдум, президент пен парламентке қатысты ережелерді қайта қарау қажеттігін жеткізді.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан да бұл бастаманы қолдап, «қоғамда бұрыннан талқыланып келе жатқан және бүгінгі күннің өзекті қажеттіліктеріне жауап беретін маңызды қадам» екенін атап өтті. Ал Бақытжан Базарбек бір палаталы Парламент саяси реформалардың қисынды жалғасы екенін айтты.





























