Жетісу облысында өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен Президент Жолдауы аясында туризмді дамыту мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Кездесуге жергілікті атқарушы органдар, өңірдің туристік сала өкілдері, оның ішінде ұлттық табиғи парктердің, демалыс аймақтары мен базалардың, туристік клубтар мен бизнес нысандарының басшылары қатысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бейбіт Исабаев атап өткендей, Жетісу облысының туризмі 5 негізгі бағытқа негізделген. Олар: Алакөл, Балқаш көлдері, «Алтынемел», «Жоңғар-Алатауы» ұлттық табиғи парктері және Жоңғар Алатауы тау сілемі.
Туризм инфрақұрылымын дамыту – Президенттің Жолдауда айтқан маңызды тапсырмаларының бірі. Биыл туризм саласына бөлінетін қаражат көлемі — облыстың даму бюджетінің 30% құрайды. Осының арқасында нысандардың қолжетімділігі мәселелері шешілуде. Бұл ең алдымен жол, су, жарық. Алакөлге дейінгі жол жөндеуден өтіп, Балқаш көліне дейінгі жол ашылды. Келесі жылы абаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін жол толықтай пайдалануға беріледі. Жасылкөлге дейінгі жол жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл өңіріміздің тағы бір табиғаты көрікті жері саналатын «Бұрхан-бұлақ» сарқырамасына дейінгі жолдың құрылысы басталды. Осы аталған жұмыстармен қатар, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар да жүргізілуде. Осылайша, біздің тарапымыздан туристік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және саланы дамыту үшін қолайлы жағдай жасау бойынша барлық қажетті жұмыстар жүргізілуде, — деді облыс әкімі.





























