Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес «Бірлік» және «Құлагер» шағын аудандарында жаңа демалыс аймақтарын салу бойынша ауқымды жобалар қолға алынған болатын. Биыл осы жобалар сәтті жүзеге асып, тұрғындардың игілігіне берілуде. Осы орайда Қала күні қарсаңында «Құлагер» шағын ауданында жаңа заманауи саябақтың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, балалар мен жастардың таза ауада демалуына қолайлы орын болмақ.
Аумағы 1,2 гектарды құрайтын саябақ заманауи талаптарға сай жасақталған. Мұнда автоматты суару жүйесі орнатылып, жасыл газон төселген, аумақ толық көгалдандырылды. Күз айында саябаққа 200-ден астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Олардың басым бөлігін аққайың мен қарағай секілді жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар құрайды. Бұл өз кезегінде қала экологиясын жақсартып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға септігін тигізеді. Айта кетерлігі, саябақта қалада алғаш рет ерекше нысан – «Фрегат» балалар ойын кешені орнатылған. Бұл кешен сәндік элементтері мен зеңбіректері бар фрегат үлгісінде жасалған, модульдік құрастырмалы-жиналмалы құрылым болып табылады. Ол балалардың ойын арқылы дамуына, қиялын шыңдауға және белсенді демалуына мүмкіндік береді. Салтанатты шарада сөз алған қала әкімі Ернат Дүйсенбекұлы «Қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, балалардың таза ауада серуендеп, спортпен айналысуына мүмкіндік жасау – біздің басты мақсатымыз. Алдағы уақытта да жаңа демалыс орындарын көбейту бойынша жүйелі жұмыстар жалғасады», – деп атап өтті. Жергілікті тұрғындар да «Жаңа саябақтың ашылуы қала тұрғындарының әлеуметтік және мәдени өміріне тың серпін беретін маңызды қадам. Бұл біз үшін үлкен қуаныш»- деп ризашылықтарын білдірді.





























