Жетісу облысы: цифрландыру мен жасанды интеллект – басқарудың жаңа моделі

151

Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткендей, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект – уақытша үрдіс немесе қосымша құрал емес, мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың негізгі бағыты. Бұл бағыт биліктің тиімділігін арттырып қана қоймай, ашықтық пен азаматқа бағдарлануды қамтамасыз етеді. Жетісу облысы осы міндетті басымдық ретінде қабылдап, бүгінде нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Бұл туралы Жетісу облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаев пен Жетісу облысының «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ директоры Жәнібек Баймулдинов БАҚ өкілдерімен кездесуде бөлісті.

Аймақта цифрландыру басқарудың жаңа моделінің берік іргетасына айналды. Қазіргі таңда тұрғындардың 98 пайыздан астамы мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта алады. Мұндай мүмкіндік өтініштерді қарау мерзімін қысқартуға, бюрократиялық кедергілерді азайтуға және сервистерді барынша қолайлы етуге жол ашты. Бұл жұмыстар i-Jetisu және SmartGeoHub жобалары арқылы жүзеге асуда. Сонымен қатар, 58 кейсті қамтитын жаңа Ахуалдық орталық іске қосылып, облыс басқару процестерін нақты уақыт режимінде бақылап, объективті талдаумен қамтамасыз етілуде.

Цифрлық инфрақұрылым да қарқынды дамуда. Бүгінде облыстағы барлық 315 мектеп интернетке қосылған: оның 204-і талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы, 43-і Starlink жүйесімен, 68-і радиокөпір технологиясымен қамтылған. Бұл қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жойып, барлық оқушыға бірдей мүмкіндік берді. Жалпы, 356 елді мекеннің 340-ы интернетке қосылып отыр. Қалған 16 ауыл 2027 жылға дейін «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясында қосылатын болады. Ал Талдықорғанда қазіргі таңда 42 5G базалық станциясы жұмыс істейді.

Жасанды интеллект те аймақ өміріне дендеп еніп келеді. Талдықорған мен Текелі қалаларында бет-бейнені танитын 87 интеллектуалды камера орнатылса, облыс жолдарына 220 камера, Алакөл жағалауына тағы 30 камера қойылды. Денсаулық сақтау саласында PACS телерадиологиялық жүйесі енгізіліп, оған 16 медициналық мекеме қосылды. Жақын арада инсультті диагностикалау кезінде компьютерлік томография деректерін автоматты түрде талдайтын CerebraAI жүйесі іске қосылады. Бұл медициналық көмектің сапасын арттырып, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік саладағы цифрлық шешімдер де жемісін беруде. Талдықорғанда E-Zhetisu QR жүйесі енгізіліп, оған 16 мемлекеттік және 50 жекеменшік балабақша қосылды. Бұл бастама жалған есеп берулерді болдырмай, қаражаттың ашық жұмсалуын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтты. Жобаны облыстың өзге өңірлеріне кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, «Әлеуметтік әмиян» жобасына 100 мектеп қосылып, 91 мыңнан астам оқушы қамтылды.

Жастардың цифрлық білімін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. «Jetisu Digital» аймақтық IT-Hub-ы іске қосылғаннан бері 2 мыңнан астам жас оқудан өтіп, 124 іс-шара ұйымдастырылды. Мұнда бағдарламалау, жасанды интеллект және өзге де сұранысқа ие бағыттар бойынша курстар, хакатондар мен акселерациялық бағдарламалар өткізіледі. 2025 жылы тағы 100-ден астам шара жоспарланып, оның 64-і қазірдің өзінде жүзеге асырылды.

Цифрландыру азаматтар мен билік арасындағы байланысты да нығайтып отыр. 2025 жылдың басынан бері «Қызмет 109» бірыңғай орталығы 10 мыңға жуық өтініш қабылдады. Алдағы уақытта жасанды интеллектіні қоғамдық қауіпсіздік саласына енгізу жоспарлануда. Бұл бағытта 5 200-ден астам жаңа бейнебақылау камерасы орнатылып, қолданыстағы 800 камера бірыңғай жүйеге біріктірілмек.

Жетісу облысы бүгіннің өзінде Президент тапсырмаларын нақты іске асырып келеді: мектептердің интернетке қосылуынан бастап интеллектуалды жүйелерді орнатуға, жаңа IT-мамандарды даярлаудан бастап азаматтарға арналған заманауи сервистерді дамытуға дейін ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар аймақты заманауи басқарудың үлгісіне айналдырып, Жетісуды цифрлық болашағы айқын өңір ретінде қалыптастыруға негіз қалайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз