Мағжан Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясында оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік мәні зор кездесу ұйымдастырылды. Жиынның басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандармен жасалатын қылмыстардың көбеюіне жол бермеу, сондай-ақ, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Іс-шараға Талдықорған қалалық Полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Асет Абдыканов, Ювеналды полиция тобының инспекторлары Дархан Ушкемпиров пен Мадеш Набиева арнайы қатысты. Құқық қорғау органдарының өкілдері жасөспірімдерге қоғамға жат іс-әрекеттердің салдары, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік, қоғамдық тәртіпті сақтау және кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасыз көше кезіп жүруінің қауіптілігі жөнінде жан-жақты түсіндірме жасады. Сонымен қатар, мектеп ұжымы тарапынан да тәрбиелік бағыттағы маңызды пікірлер айтылып, жан-жақты талқыланды. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Ақажанқызы, мектеп психологы Айжан Шаяхметова, әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор Ғалымжан Дәрібай, мектеп медбикесі Жұлдыз Абишева жасөспірім тәрбиесінде ата-ана мен мектептің бірлескен жұмысының маңыздылығы, жас ерекшеліктеріне байланысты оқушылардың мінез-құлқындағы өзгерістер мен салауатты өмір салтын ұстанудың артықшылықтарын түсіндірді. Жиында қоғамдағы қазіргі өзекті мәселе буллинг пен кибербуллингтің зияны да кеңінен қозғалды. Мамандар оқушыларға әлеуметтік желіні қауіпсіз пайдалану, бір-біріне зиян келтіретін әрекеттерге жол бермеу, құрдастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту жайында кеңес берді. Жиналыс барысында оқушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Мектеп ұжымы «Осындай кездесулер балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді»-деп атап өтті.





























