Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан шикізат өндірумен қатар, оны терең өңдеуге баса мән беретінін айтты

193

Бұл бағытта нақты жұмыс істеліп жатыр. Атырау, Павлодар, Шымкент қалаларында орналасқан үш ірі мұнай өңдеу зауыты жаңғыртылды. Соның арқасында біз ішкі нарықты сапалы жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде 13 миллионға жуық адам табиғи газға қол жеткізді. Қазір бұл бағытта бұрын-соңды болмаған ауқымды жобалар іске асырылуда. Қашағанда жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі салынуда. Сондай-ақ біз қосымша құны жоғары өнімдер шығаруды қолға алдық. Мұнай-газ химиясы саласында бірқатар ірі жобаны іске қосамыз. Мұның бәрі 20 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Соның ішінде полиэтилен зауытын ерекше атап өткім келеді. Бұл – шетел инвесторларымен бірге іске асырылып жатқан маңызды жоба. Инвестиция көлемі 7 миллиард доллардан асады. «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» секілді ірі теңіз кен орындарын игеру басталды. Алты миллиард доллардан астам инвестиция салынады. Теңіз платформаларының құрылысын отандық кеме құрастырушы кәсіпорындар жүргізеді. Бұл Қазақстанның мұнай-газ саласындағы үлкен оқиға болмақ. Аталған жобалардың бәрі энергетикалық әлеуетімізді нығайтып қана қоймай, ел экономикасының қарыштап дамуына ықпал етеді. Мұның игілігін барша халық көреді, – деді Президент.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз