Текелі қаласында кешенді түрде қарастыруды қажет ететін, ұзақ жылдан бері шешілмей келген инфрақұрылымдық төрт күрделі мәселе соңғы үш жылда шешімін тапты. Атап айтқанда, Текелідегі ең ұзын жол – Қонаев көшесі жөндеуден өткізілуде. Қалаға газ жүйесі тартылып, бүгінде 28 мыңға жуық тұрғын немесе халықтың 92%-ына табиғи газға қосылуға мүмкіндік жасалды. Сол сияқты қаладағы апатты деп танылған 212 пәтердің иелерінің бәрі жыл соңына дейін толық баспаналы болады. Ауыз су мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, қазір магистралды су құбырын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін Текелі қаласы халқымен кездесуде облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының айтуынша, биыл қаладағы 19 шақырым жолды жөндеуге қаржы қарастырылды. Бұл ретте Әуезов көшесіне орташа жөндеу жасалды.
— Қазіргі уақытта Қонаев көшесінің 6 шақырымына күрделі жөндеу, 12 шақырымына орташа жөндеу жүргізіліп жатыр, жұмыстар осы жылдың қараша айында аяқталады. Оған қоса, жөнделіп жатқан жол бөлігіне жыл соңына дейін көше жарығы орнатылады. Сіздермен кездесудің алдында сол көшемен жүріп, жөндеу жұмыстарының барысын көріп келдім, сапалы жүргізіліп жатыр. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қаладағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 93%-ға жетеді, — деді Бейбіт Исабаев.
Сондай-ақ Текелі қаласына 195 шақырым ішкі газ тарату желілері салынды, оның 15 шақырымы биылғы жылдың үлесінде. Сонымен қатар газ желілері 190 көп қабатты тұрғын үйге тартылды.
Сонымен қатар апатты үйлер санатындағы 212 пәтердің бүгінгі күні 201-інің иелеріне тұрғын үй берілген, қалған 11 отбасы жыл соңына дейін баспаналы болады. Жалпы, 2022-2025 жылдары тұрғын үй 571 отбасына берілсе, соның 359-ы – кезектегілер, 212-сі – апатты үй иелері.
Тағы бір түйтілді мәселелердің бірі сапалы ауыз сумен қамту жайы кезең-кезеңімен шешілуде. Қабылданған шаралардың арқасында 2023 жылы 3 ұңғыма бұрғыланып, әрқайсысы 3 мың текше метр болатын 2 су қоймасы салынды. Сондай-ақ бар ұңғымалардан негізгі сүзгі станциясына дейін 1665 шақырым су құбыры желілері тартылды. Өткен жылы авариялық жағдайларда су құбыры жүйесінің толық істен шығуын болдырмау мақсатында 392 ысырма орнатылды. Осы жылдың мамыр айында Қора өзеніндегі сүзгі станциясында құрылғылар жөнделіп, ауыстырылды. Соның нәтижесінде сүзгі станциясынан шығатын су тазарды, дегенмен кейбір тұтынушылар пайдаланатын судың лайлығы әлі де байқалады. Оған тозған су құбырларының ішкі ластануы себеп болып отыр. Ауыз су мәселесін түбегейлі шешу үшін қазір 26 км магистралды су құбырын жаңғырту жұмыстары басталды, келесі жылдың мамыр айында аяқталады деп жоспарланған.
Ал жылумен қамту мәселесі бойынша, «Алатау» шағын ауданында
17 шақырым жылу желісін жаңарту жобасы іске асырылуда, алдағы жылыту маусымына дейін аяқталады. Сондай-ақ «Металлург» шағын ауданында 19 шақырым жылу желісін жаңартудың жобасы әзірленді. Текелі 2-ші жылу-электр орталығын кеңейту жоспары аясында электр қуаты 53 МВт және жылу қуаты 48 Гкал/сағ болатын бу-газ қондырғысын 3 кезеңмен іске қосу көзделген. Бұл жобаны іске асыру нәтижесінде станцияны жаңғырту мәселесі шешіліп, жаңа нысандарды қосуға мүмкіндік беретіндей қосымша жылу қуаты еселенеді.
Тағы бір атап өтерлігі, «Алатау» шағын ауданының 7 шақырым магистралды кәріз желілерін қайта жаңарту жұмыстары 3 кезеңге бөлініп, бүгінгі күні
І кезең жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінді, құрылыс жұмыстары келесі жылдың қазан айында аяқталады. Ал ІІ және ІІІ кезеңдерінің жобасы дайын, 2026-2027 жылдары іске асырылады. Сонымен қатар қаланың кәріз тазарту құрылғыларын жаңартудың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Өңір басшысының баяндамасынан кейін қала тұрғындары көкейіндегі сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, жиырмаға жуық адам көшелерге аялдама орнату, көп қабатты үйдің шатырын жөндеу, қоғамдық көлік бағытын созу, коммуналдық базар ашу, Қора өзеніндегі көпірді жөндеу сияқты қала өміріне қатысты бірқатар мәселелерді көтерді, сол сияқты азаматтардың қоғамдық сана-сезімін, экологиялық мәдениетін көтеру шараларына қатысты ой-пікірлерін білдірді. Бұл ретте қала әкімінің айтуынша, келесі жылы 15 аялдама орнату жоспарланған. Облыс әкімі халықтың өтінішін ескеріп, жаңа салынатын аялдамалар санын 30-ға жеткізуді тапсырып, құрылыс жұмыстарына қаржылық қолдау көрсетілетінін айтты. Сол сияқты қала басшылығына тұрғындардың өз өнімдерін саудалауға жағдай жасайтын коммуналдық базар ашуға лайықты орын қарастырып, мәселені шешуді міндеттеді. Сөз болған көпірдің жай-күйіне келсек, оны жауапты басқарма мамандары арнайы барып көріп, зерделеп, тиісті қорытынды жасауы тиіс, содан кейін ғана шешім қабылданады. Ал тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеру бойынша, облыс әкімі әсіресе үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, азаматтық қоғам атсалысуы керек екенін жеткізді. Бұл «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының түпкі игі мақсатымен астасып жатқанын да тілге тиек етті. Жиында қойылған басқа да сұрақтарға тиісті жауаптар берілді.
Осы күні облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға кірген азаматтар тұрғын үй беру, баспанасына газ қостыру, ауыз су сапасын жақсарту мәселелеріне қатысты сұрақтарына нақты жауаптар алды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай,
және фотосуреттерді Текелі қаласының әкімдігі ұсынды.





























