Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман

281

Білім саласын дамыту – елдің болашағын айқындайтын маңызды басымдық. Ол халықтың әл-ауқатын арттырудың, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болудың және кемел келешекке қадам басудың негізгі алғышарты болып саналады. Әр оқу жылының қарсаңында білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер талқыланып, саланың даму бағытына талдау жасалатын дәстүрлі тамыз конференциясы  ұйымдастырылды. Ауқымды жиынға Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл, білім беру ұйымдарының өкілдері, ұстаздар қауымы және ата-аналар комитетінің мүшелері қатысты. Кеңес барысында алдағы оқу жылына арналған басым бағыттар айқындалып, білім сапасын арттыруға қатысты маңызды мәселелер қаралды.

Ернат Дүйсенбекұлы мектепте буллингтің алдын алу, оқушылардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру, жас мамандарды қолдау және менторлық жүйені дамыту  негізгі бағыттардың бірі екендігіне тоқталды. Сондай-ақ, инклюзивті білім беру тәсілдерін жетілдіру, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау да күнтәртібіндегі мәселе екендігі айтылды. «Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев білім саласының дамуына серпін беретін бес нақты міндетті атап өткен болатын. Бұл міндеттер  еліміздің білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық бағдар болып табылады. Алдымыздағы басты мақсат – сапалы білім беру жүйесін дамыту, жас ұрпаққа қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, ұстаздардың кәсіби беделін арттыру. Жаңа оқу жылы баршаңызға жарқын жетістіктер мен қуанышты сәттер сыйласын»-деді. Жаңа оқу жылында баса назар аударатын басым бағыттардың бірі — білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу. 1–11-сыныптың барлық оқушылары «Жасанды интеллект» курстарымен қамтылады. Ал, педагогтер үшін аталмыш бағытты қолдану бойынша деңгейлік курстар кезең-кезеңімен ұйымдастырылатын болады. Жалпы жаңа оқу жылында  «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру, үлгерімі төмен білім алушылармен жұмыс жасау алгоритмі негізінде сүйемелдеу, кеңес беру, мониторинг жүргізу, қолдау көрсету бойынша ата-аналармен жүйелі жұмыстар жүргізу, педагогтерде және білім алушыларда кездесетін  проблемаларды  зерделеу  мақсатында  мектепішілік  бақылауды күшейту, ұлттық құндылықтар негізінде мектептің мәдени ортасын қалыптастыру, ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларға тиімді психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету сынды міндеттер қабылданады.

«Заман талабына сай табысты, өзгерісті тез қабылдайтын, икемді маманға қалай қолдау көрсетуге болады? Өз жұмысымды жаңа талаптарға сәйкес қалай ұйымдастыра аламын?» деген сұрақтар қазіргі кезде қатты ойландырады. Осы бағытта көмек көрсете алатын бағдарламаның ғылыми-теориялық негіздерін игерген, түсінетін мұғалімдер ғана еліміздің жарқын болашағы жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім бере алады. Мемлекет басшысы білім беру жүйесінің алдында тұрған өзекті мәселелерге тоқталып, нақты міндеттерді айқындап берді. Біздің ортақ міндетіміз – олармен танысып, мектепте іске асыру. Біз бұл бағыттарды жұмысымыздың негізі етуіміз қажет. Бұл – әр сабаққа, әр сыныптан тыс іс-шараға енгізілуі тиіс тұтас философия. Бағдарламаның мақсаты – білімді, отаншыл және жасампаз ұрпақ қалыптастыру. Биылғы оқу жылында тәрбие жұмысы белгіленген базалық құндылық аясында жүргізіліп, әр ай белгілі бір құндылыққа арналады»-деді Талдықорған қаласы білім бөлімінің басшысы Шынар Жүсіпқызы. Жиын соңында өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісінде қол жеткізген табыстары мен білім саласына сіңірген еңбектері үшін бірқатар педагогтар марапатталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз