Жетісу облысында тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Соңғы үш жылда 6 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. Бұл үйлер өңірлік бағдарламалар, демеушілердің қолдауы, кредиттік және жалгерлік жүйелер арқылы, сондай-ақ апатты үйлерде тұрған тұрғындарды көшіру есебінен берілді. Осындай ақпаратпен Б.Құранбек атындағы Журналистер үйінде БАҚ өкілдерімен кездесуде Жетісу облысы Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев бөлісті.
Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Жыл соңына дейін тағы 2мыңға жуық азаматты тұрғын үймен қамту жоспарланған. Оның ішінде 800-ден астамы кредиттік үйлер, 400-ден астамы сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы пәтерлер, 250-ден астамы әлеуметтік әлсіз топтарға арналған үйлер. Сондай-ақ «Жерұйық», «Жетісу жастары», «Маман» бағдарламалары мен демеушілердің қолдауы арқылы жүздеген отбасы баспаналы болады. Жыл басынан бері мыңнан астам отбасы жаңа үйге кіріп үлгерді.
Облыс бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 30 мыңнан астам азаматтың тізімі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тапсырылды. Жаңа жүйеге сәйкес, тұрғын үй бөлу рәсімін «Отбасы банк» жүргізсе, жергілікті әкімдіктер жалдау шартын рәсімдеп, пәтерді жекешелендіру мәселесін қарайды.
Өңірде тұрғын үй саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатында бірнеше бағыт іске асырылып жатыр. «Тұрғын-үй коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында Талдықорғанда 1,3 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілсе, биыл өңірдің үш қаласында 378 пәтер сатылымға шықты. «Жетісу жастары» бағдарламасы арқылы соңғы екі жылда 80-нен астам жас отбасы баспаналы болды. «Жерұйық» жобасы ауыл мамандарына қолдау көрсетіп, ондаған отбасыға үй әперді. Ал Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында іске қосылатын «Маман» бағдарламасымен 50 отбасы баспанамен қамтылмақ.
Осылайша, Жетісу облысында тұрғын үй құрылысы қарқын алып, орталық және өңірлік бағдарламалардың үйлесімі арқасында мыңдаған азаматтың баспана мәселесі шешілуде.





























