Кәсіби мереке: Спортшыларға құрмет

233

Спорт күніне орай Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл үздік спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттады. Шараға өңірдің спорт саласының өкілдері, ардагерлер мен жас спортшылар қатысты.

Ернат Дүйсенбекұлы «Бұл мереке – тек спортшылардың ғана емес, салауатты өмір салтын ұстанатын барлық азаматтардың ортақ мейрамы деп білемін. Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев спортты дамытуға ерекше мән беріп келеді. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес елімізде бұқаралық спортты дамыту, спорт инфрақұрылымын жаңарту және жасөспірімдер спортын қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл жетістіктер  спортта тер төгіп жүрген жаттықтырушылар, мұғалімдер мен спортшылардың еңбегінің нәтижесі. Олардың жанқиярлықпен атқарған қызметі қаламыздың салауатты, белсенді өмір салтын қалыптастыруына және жаңа спорттық жетістіктерге жетуіне негіз болуда»-деп қаламыздағы спорттың дамуына ірі кәсіпкерлер мен меценаттардың да үлесі зор екендігін, олардың көмегімен жаңа жобалар іске асып, спортпен айналысуға мүмкіндік артып отырғандығын баса айтты.

Айта кетейік, «Талдықорған қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен қала тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту және насихаттау мақсатында 400-ден астам спорттық шара өтіп,  30 000-нан астам қала тұрғындары қатысты. «Aula Fit», «Мектеп барысы» жобалары, Талдықорған Футбол лигасы,  мектеп оқушылары арасындағы  «Bala Liga» турнирі    салауатты өмір салтын қолдаудың жарқын көрінісі ретінде қалыптасты. Сондай-ақ, «Талдықорған тұлпары» және «Талдықорған – 2025» атты ұлттық ат спорты турнирлері халқымыздың тарихы мен дәстүрін дәріптеп келеді. Жаннұр Әбішев, «Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ басшысы: «Талдықорғанда спорт – тек жаттығу ғана емес, бұл – өмір салты, бірлік пен жігердің символы. Әр алаңда, әр жарыста біздің болашағымыздың чемпиондары өсіп келеді. Бұл – тек бүгінгі жетістік емес, ертеңгі ұлы жеңістердің бастауы. Мемлекет және меценаттардың әрдайым қолдау көрсетуі  осы жолдағы басты күшіміз. Біз жас спортшылардың арманын ұштап, оларға жаңа мүмкіндіктер сыйлаймыз»-деді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау қажеттігін айтып, бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Осы орайда аймақта айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Жасөспірімдерге арналған іс-шараларға 200-ден астам спорттық жарыстар ұйымдастырылып, нәтижесінде жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалды. Жалпы 20 000-нан астам жасөспірім қамтылып, спортқа деген қызығушылығы айтарлықтай артты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз