Талдықорған қаласы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс‑қимыл және ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиында 2024 жылы ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында атқарған жұмыстары мен 2025 жылға арналған жоспарлары кеңес мүшелерінің назарына ұсынылды. Ол жөнінде қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Рахым Тұрланов баяндама жасады.
Қоғамдық саяси тұрақтылықты сақтап, талдықорғандықтарға ҚР Президентінің халыққа арнаған Жолдауын, ҚР Үкіметінің бағдарламаларын түсіндіру мен насихаттауда және қала әкімінің қызметінің негізгі бағыттарын жүзеге асыруда ұйымдық-идеологиялық шараларды қамтамасыз етіп, қала деңгейінде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуде, жергілікті ақпарат құралдарының мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асыруын үйлестіруде, қоғамдық ұйымдармен,діни бірлестіктермен, саяси партиялармен арада тығыз қарым-қатынас орнатуда бөлім қызметкерлерінің жүйелі жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай. Барлық шараларды өз міндеттеріне әрі жоспарға сай лайықты атқарып келеді. Басқолсуда сонымен қатар, “Жетісу Қос Қанат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Радионова мемлекеттік тапсырыс бойынша өз міндеттеріне алған жұмыстарының орындалу нәтижелерімен бөлісті. Негізінен жастардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асырумен айналысатын бірлестік жасөспірімдер арасында темекі, есірткі, алкоголизмнің басқа да зиянды әдеттердің әсері туралы түрлі басқосулар өткізіп, олардың санасына жат қылықтардан аулақ болуды мықтап сіңіріп келеді. Жетісу облыстық мемлекеттік денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға байланысты түрлі іс-шараларға барша талдықорғандықтармен қатар аудандардың тұрғындары да куә. 2025 жылға арналған жоспарлар туралы «Жетісу конгресс жастары» қоғамдық бірлестігі баяндама жасады. Жиын барысында Талдықорған қаласының ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырыс аясында «Ұлтаралық және конфессияаралық татулықты нығайту, этномәдени шаралар» және «Ұлттық және отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған шаралар» бойынша «Жетісу конгресс жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәулет Ауданбаевтың баяндамасы тыңдалды. Ел болашағы жастардың қолында демекші, аталмыш бірлестік қала жастарының қатысуымен белсенді жұмыстар атқарып келеді. Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге қатысты және отбасылық құндылықтарды нығайту, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, ұлтаралық және конфессияаралық татулықты нығайтуға қатысты түрлі форматта шаралар өкізумен қатар, жастарды төтенше жағдайларда әрекет етуге тәрбиелеуге байланысты жұмыстар іске асырылған. Биыл да аталмыш жұмыстар жалғасын табатын болады. Кеңес жұмысының қорытындысында жалпы үкіметтік емес ұйымдармен жұмысты тиімді үйлестіру мақсатында бірқатар тапсырмалар берілді.
Гүлжанат Нұршанова





























