Жас буын — жарқын болашақ

102
Дереккөз

Күні кеше ел болып Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жариялаған Жолдауын тыңдадық. Еліміздің әлеуетін арттыруға бағытталған жүйелі тапсырмалар мен міндеттер баршамызға тың серпін бергені рас.

Мемлекет басшысы елді дамудың жаңа кезеңіне шығару үшін Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізілетінін айтты. Бұл — көші түзу кемел еліміз кемеңгер басшының салған дара жолын жалғастыратынын айқындайды.  Жолдауда жастарға баса назар аударылғаны көңіл қуантады. Жас буынға берілген мүмкіндіктер болашаққа салынған инвестиция екенін ескерсек, Жолдауда аталған бірнеше тарау жастардың тың бастамаларына қолдау болары сөзсіз. Мәселен, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру үшін 20 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Бүгінгі таңда, аталмыш бағдарлама жастарға, әсіресе, жұмыссыз және маргинал жастарға таптырмас мүмкіндік. Келер жылдың Еріктілер жылы болып жарияланғаны өңіріміздің белсенді жастары үшін жағымды жаңалық болды. Қазіргі таңда «Жетісу еріктілері» атты ұйым белсенді жұмыс жасауда. Алдағы 2020 жылы бастауы бар шара одан әрмен жалғасын тауып, жаңа белестерді алады деп күтілуде.

«Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осыған орай, саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет»  — деді Мемлекет басшысы. Қоғамда тұрақтылықты сақтау мемлекетіміздің ішкі саясатының бағытының негізгі іргетасы. Бізде өте ұзақ уақыт бойы халықтар арасындағы өзара қатынастардың ерекше дәстүрі қалыптасқан. Бүкіл әлемде қазақстандық этникааралық келісімнің үлгісі туралы айтыла бастады. Оның негізінде тағдырдың еркімен біздің ортақ отанымыздың территориясына келген барлық этникалық диаспораларға қазақтардың төзімді және шыдамды қатынасы жатыр. Осы орайда, «Ұлтаралық қатынастарды нығайтудағы жастардың рөлі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы жалғасын табатынын айтты. Осы орайда, Алматы облысының жастар саясаты басқармасының «Ауылым – алтын бесігім» атты жобасы өз жұмысын жандандыратынын атап өткім келеді. Жастарға қамқорлық көрсете отырып, олардың тиімді білім алып, жұмыс жасауына мүмкіндік беру бағытында бірқатар шаралар қолға алынады. Қорыта айтқанда, өңір жастары Мемлекет басшысы айтқан өзекті мәселелерді қолдай отыра,  жүйелі жұмыс атқаруға әзір.

Жомарт ҚАРАТАС, Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK