А. Ертаев жұмыс сапарымен Жетісу облысына барды

32

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев Жетісу облысына жұмыс сапары барысында үкіметтік емес ұйымдармен, арнаулы әлеуметтік қызмет алушылармен және оларды ұсынатын ұйымдардың ұжымдарымен бірқатар кездесулер өткізді, сондай-ақ азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Вице-министрдің жұмыс сапары Талдықорған қаласының әлеуметтік мекемелерін аралаудан басталды. Асқарбек Ертаев «Асар» спорттық-оңалту, белсенді ұзақ өмір сүру, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету мен «Жанұя» отбасын қолдау орталықтарының, аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларға арналған күндізгі болу орталығы мен «Қамқор» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қызметімен танысты.

Сонымен бірге еңбек вице-министрі «Теn Qogam» әлеуметтік қолдау орталығында болып, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді. Асқарбек Ертаев 2024 жылғы желтоқсанда қабылданған 2030 жылға дейінгі ҚР инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру кезеңдері туралы айтты.

«Осы жылдан бастап Тұжырымдаманың 52 іс-шараны көздейтін 13 негізгі бағытын іске асыру бойынша жұмыс басталады. Салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар жауапты орындаушылар болып табылады. Жергілікті атқарушы органдарға 14 іс-шара бекітілді, оның ішінде арнаулы әлеуметтік қызметтердің әлеуетті алушыларын есепке алу және мониторингілеу жөніндегі өңірлік картаны өзектендіру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қолдануды қоса алғанда, үлгілік жобалау-сметалық құжаттама негізінде оңалту орталықтарының құрылысын аяқтау және т.б. бар», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Сондай-ақ, кездесу барысында Әлеуметтік қызметтер порталын (бұдан әрі – Портал) жетілдірудің өзекті мәселелері қаралды. Бүгінгі таңда Порталда 938 оңалтудың техникалық құралдарын (бұдан әрі – ОТҚ) жеткізушілер, 31 мыңнан астам жеке көмекші қызметін, 756 ымдау тілі қызметін көрсетушілер, 129 санаторий-курорттық ұйым тіркелген. Жыл басынан бері Портал арқылы ОТҚ және қызметтермен қамтамасыз ету бойынша 127,8 мың іс-шара немесе қажетті қызметтердің 45,5% іске асырылды.

«Министрлік Әлеуметтік қызметтер порталын жетілдіру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. ОТҚ бағасын көтеру, ОТҚ мен қызметтерді қолма-қол ақшаға айналдыру үшін мүгедектігі бар адамдармен жеткізушілердің сөз байласуына жол бермеу, жазғы кезеңдерде санаторий-курорттық ұйымдарда мүгедектігі бар адамдар үшін төсек-орындардың болмауы және т. б. мәселелерін шешу үшін кепілдік берілген соманы айқындау әдістемесінің, жеткізушілерді орталықтандырылған тіркеудің және ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы ОТҚ мен қызметтерді жіберудің өзгерістері пысықталуда», – деп хабарлады Асқарбек Ертаев.

Сонымен қатар, әлеуметтік-техникалық сараптама қызметін енгізу мәселелері талқыланды.

«Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың Ұлттық ғылыми орталығын трансформациялау аясында әлеуметтік-техникалық сараптама қызметін енгізу жұмыстары басталды. ҰҒО базасында ОТҚ жөндеу, қызмет көрсету, жұмыс жағдайында ұстау үшін әлеуметтік-техникалық қызмет ұйымдастырылды. 4 пилоттық өңірде (Абай, Павлодар, Қызылорда облыстарында және Шымкент қаласында) әлеуметтік – техникалық комиссия құрылды», – деп хабарлады вице-министр.

Жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде мүгедектігі бар адамдарға берілетін жекелеген техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдарға, арнаулы жүріп-тұру құралдарына әлеуметтік-техникалық сараптама ұйымдастыру және жүргізу қағидалары әзірленді. Сервистік цехта ОТҚ қажеттілігін міндетті бағалай отырып, ОТҚ-ны жалға беру, жөндеу және қызмет көрсету мәселелері пысықталуда.

ҮЕҰ-мен кездесуден кейін Асқарбек Ертаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Дереккөз: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз