Ырыс-құт халықтың пейілінде

61

Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл бастаған әкімдік қызметкерлері Президент, облыс басшылығы тарапынан берілген тапсырмаларды орындап, халықтың жағдайын жасап, күні-түні еңбек етуде. Қыстың ызғарлы күндері талдықорғандықтар үшін аса қолайсыздық туғыза қоймайды. Тұрғын үйлер табиғи газға қосылып, қоймаларда көмір қоры да жеткілікті. Азық-түлік бағасын ырықтандыру бағытындағы жұмыстар лайықты атқарылуда. Әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға мемлекет деңгейінде қолдау көрсетіліп, бірқатар жеңілдіктер де қарастырылған. Біз қаламыздың тұрғындарын сөзге тартып, қазіргі тыныс-тіршілігіне қатысты пікірлеріне құлақ түрген едік.

Айна Әлімбекқызы, зейнеткер:
– Талдықорған қаласына Үштөбеден 1993-ші жылы көшіп келдім. Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізген шағы еді. Өзіміз жатақхана жалдап тұрдық. Жолдасым құрылыста жұмыс істеді. Бүгінгідей сөрелер азық-түлікке толып тұрмайтын, жарық жоқ, газ да тапшы. Еңбекақымыз заттай берілетін. Коммуналдық қызметті төлей алмайтынбыз.  Сондай кезеңде де еліміздің алдағы шуақты күндеріне сеніп,  әкімдік жағаламай-ақ өмір сүрдік. Көпқабатты үйде тұрсақ та, тамақты көршілерімізбен жиналып, есіктің алдына ошақ орнатып, далада пісіріп бөлісіп жейтінбіз. Пейіліміз тарылмады. Ел бастап, тізгін ұстаған азаматтардың еңбегіне сендік. Қазіргідей бір үйде 2-3 көлік ұстау түсімізге де кірмейтін. Аллаға шүкір, бәрі артта қалды, бүгінде бай-қуатты халықпыз. Зейнетақымызды уақытында алып отырмыз. Отбасымдағы 5 баламның барлығы өз алдына шаңырақ көтерген. Әрқайсысы қаланың әр ауданында тұрса да мектептері жандарында. Балабақшалары да үйлеріне жақын орналасқан. Аттап аяқ бассаң – дүкендер мен балалар алаңдары. Одан артық не керек? Осындай жағдай туғызып отырған облысымыздың, қаламыздың атқамінер азаматтарына мың алғыс айтамын.

Қарлығаш Шерниязова, көпбалалы ана:
– Отбасымызда 6 бала тәрбиелеп отырмыз. Жолдасым-Дәулет қаламыздағы зауыт жұмысшысы. Өзім – дәмханада аспазбын. Құдайға шүкір, мемлекет тарапынан да балаларға қолдау көрсетіледі. Мектеппен, балабақшамен қамтылған. Жер үйде тұрамыз. Көгілдір отын, электр энергиясы, ауыз су үздіксіз беріледі. Адам жақсылыққа тез үйренеді ғой, үйімізге интернет желісі қосылған, ұялы телефонсыз күнімізді елестете алмаймыз. Көшемізге түнгі жарық берілген. Ел басқарған азаматтарға алғысымыз шексіз. Қазақ елі жаһандық көштен қалмай дамып келе жатқандығы қуантады. Еңбектенген адам үшін қазір бәрі бар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса деген тілекпен өмір сүреміз.

Мұрат Қадырұлы, жұмысшы:
– Талдықорған қаласында 1982-ші жылдан бері тұрамын. Ескелді ауданының Березовка ауылынан қоныс аударған едім. Қаламыз халық үшін өте жайлы, әдемі, климаты да қолайлы ғой. Жаңа тұрғын аудандар, ғимараттар салынып, соңғы жылдары танымастай өзгеруде. Шаһардың құлдырау кезеңіне де, өрлеу кезеңіне де куә болып келемін. Ата-әжелеріміз зейнетақыларын ала алмаған, жалақымыздың орнына заттай есеп айырысуды бастан кешірген біздер үшін, қазіргі кезді қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған шақ деп айтар едім. Көгілдір отын арқылы үйімізді қойып, моншамызға дейін жылытып отырмыз. Ауыз су ағып тұр, жарық үздіксіз берілуде. Көшемізге дейін түнде жап-жарық. Жолдар қардан тазартылып, жиналады. Ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда деген заман. Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, мәртебемізді көтеріп тастады. Жалақымыз да өсті. Тәубә!

Алдияр Өскенбайұлы, колледж студенті:
– Ата-анаммен бірге тұрамын. Дәнекерлеуші мамандығын игеріп жатырмын. Әкем де дәнекерлеуші болып жұмыс істеп, зейнетке шықты. Бірақ, ара-тұра құрылысшылар шақырғанда көмек беріп келеді. Үйде төрт баламыз. Бауырым да дәнекерлеуші болғысы келеді. Биыл мектептің 11 сыныбын аяқтайды. Қазір осы мамандыққа сұраныс көп. Ақшасы да жақсы. Бір бауырым-құрылысшы. Отбасы бар. Болашақта кәсіпкерлікпен айналысып, темірден түйін түйетін шебер болғым келеді. Қолым босай қалса әкемнің қасынан табылып, тәжірибе жинақтап жүрмін. Қаламызда құрылыс жұмыстары қарқын алып жатыр ғой, сондықтан да дәнекерлеушілерге сұраныс артпаса кемімейді деп ойлаймын.

Шіркін, халқымыздың пейілі-ай! Уақыттың сынына төтеп беріп, тауы шағылмаған рухын жалау еткен текті ұрпақтың кейпі бүгіні мен кейінгіге ұлағат. Ауызбірліктің арқасында алынбайтын қамал жоқтығын түйсігімен түйсініп, қайырым мен мейірімнің табиғи бояуын бойына қанымен сіңірген азаматтар ата-баба дәстүрінен танбай, ел тыныштығын тілейді. Тілектер қабыл болсын!

Гүлжанат Нұршанова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз