Жетістікке жол: Қала әкімі мектеп оқушыларымен кездесті

6

Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл мен қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ернар Ширбаев Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясының оқушыларымен еркін форматта кездесті. Оларға өздерінің  өмірлік тәжірибесі мен жетістіктері туралы әңгімелеп,  бала кездегі армандары, білім алу кезеңі және қызмет жолында кездескен түрлі кедергілерді қалай жеңгені туралы бөлісті.

Ернат Дүйсенбекұлы  оқушыларға білімнің маңыздылығын ерекше атап өтіп, еңбекқорлық пен табандылық, өмірге бейімділік  әр адамның жетістікке жету жолындағы негізгі құрал екенін айтты. Сонымен қатар, ол өз мансабында кездескен қызықты әрі күрделі оқиғалармен бөлісіп, оқушыларға өмірде әрқашан мақсат қойып, сол мақсатқа ұмтылуға кеңес берді. «Елімізде болып жатқан саяси, әлеуметтік, экономикалық жалпы  өзгерістерді жастар саналы түрде білуі қажет. Осыған орай қоғам талабына сай жас ұрпақ қалыптастыруда бірқатар  шаралар мен жобалар  ұйымдастырылуда. Соның бірі — облыс басшысы Бейбіт Исабаевтың бастамасымен қолға алынған «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы. Жоба аясында бүгінде облыс бойынша 120, ал, қала бойынша 31 ментор жұмыс істеуде. Олар 9 бағытта сараланған тиімді әдіс-тәсілдермен мектеп оқушыларымен жұмыс жасап жатыр. Бұл жоба әлі де өз жемісін береді деп сенемін. Білікті де білімді, жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өскен белсенді жастар қатары көбейе берсін»-деді. Кездесу соңында оқушылар қонақтарға  көкейлерінде жүрген сауалдарын  қойып, өз ойларымен бөлісті. Мектеп ұжымы аталмыш кездесу жас ұрпаққа үлкен серпін беріп, олардың болашаққа деген сенімдерін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз