Бүгінгі күні Талдықорғанда тұрғын үй кезегінде он бес мыңнан астам адам тұр. Биыл 1283 адам тұрғын үймен қамтылып, кезек 8,3 пайызға қысқарды. Ал 2025 жылы 1448 отбасына тұрғын үй беріледі. Алдағы уақытта 1041 пәтерлі 28 үйдің, 107 коттедждің құрылысы аяқталады, оған қоса халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 300 пәтер сатып алынады. Осылайша, 2023-2025 жылдары
5 мыңға жуық кезекте тұрғандар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы бүгін Талдықорған қаласының тұрғындарымен кездесуінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді.
Талдықорғандағы бірнеше жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған үйлердің қаланың келбетіне нұқсан келтіретінін айтқан облыс басшысы қала әкіміне осы үйлердің құрылысын аяқтау бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
— Өздеріңізге белгілі, Талдықорған қаласының Бас жоспарына өзгерістер енгізілді, онда инженерлік-коммуникациялық желілердің жүктемесін ескере отырып, нүктелік және бей-берекет құрылыс толығымен алынып тасталды. Бас жоспарға сәйкес жаңа шағын аудандарды салу жұмыстары жүргізілуде, Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданының 11, 12, 13 шағын аудандарында және Қаратал өзенінің оң жағалауында көп қабатты 41 тұрғын үйді жобалау жұмыстары жүргізілуде, — дейді Б.Исабаев.
Сонымен қатар облыс басшысы қаланың өсуіне орай оны жылумен үздіксіз қамту мәселесінің де өзекті екенін атап өтті. Мысалы, жыл бойы жұмыс істейтін және жүктемесі 90%-ға жеткен «Басқуат» қазандығы қаланың көп бөлігін орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етеді. «Соңғы екі жылда ғана қаланың жаңа шағын аудандарында көп қабатты 51 тұрғын үй, 5 әлеуметтік нысан салынды. 2025 жылы көп қабатты тағы 28 үйдің құрылысы жоспарланып отыр, бұл өз кезегінде жылу энергиясын тұтынуды едәуір арттыруды қажет етеді. Осыған байланысты «Басқуат» қазандығының жүктемесін төмендету бойынша шаралар қабылдануда», — деп атап өтті облыс басшысы.
Осы орайда биыл Дарабоз ана, Абай, Қабанбай батыр, Балпық би, Төлебаев және Алдабергенов көшелерінде 2,9 км жылу желілері қайта жаңартылды, қаланың орталығындағы нысандар мен «Қаратал» шағын ауданы №2 және №3 қазандықтарға қайта қосылып, соның нәтижесінде «Басқуат» қазандығына жүктеме 12% немесе 22 Гкал/сағ төмендеген.
Сондай-ақ қуаттылығы сағатына 49 Гкал қазандықтың және «Басқуат» қазандығының базасында газ турбиналық станцияның құрылысы басталды. Осы жобаларды іске асыру «Басқуат» қазандығының жүктемесін тағы 30%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2025-2026 жылдар аралығында қаланың негізгі магистральдық жылу желілерін кезең-кезеңімен қайта жаңарту жоспарлануда.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.