Жетісу облысында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай сала мамандарына құрмет көрсетіліп, марапаттар берілді. Үздіктерге Трактор техникасы және ақшалай сыйлықтар табысталды.
Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен салтанатты жиын барысында фойеге ауыл шаруашылығы көрмесі қойылып, әр аудан-қаланың жетістіктері паш етілді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев алдымен аталған көрмені аралап көрді. Мұнан соң жиында құттықтау сөз сөйлеп, атаулы мереке қарсаңында Мемлекет басшысының қатысуымен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумы өткізілгенін, оған облысымыздан 40-тан аса ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысқанын атап өтті. Сол сияқты өңірдегі аграрлық саланы дамытудағы жетістіктер жайынан қысқаша хабардар етіп, соның ішінде су шаруашылығы, ветеринария, жер пайдалану, су үнемдеу технологиясын енгізу бағытындағы жұмыстарға тоқтала келе:
— Биыл облыс диханшыларының қажырлы еңбегінің арқасында 510 мың гектардан 2,1 млн.тонна ауыл шаруашылық дақылдары жиналды. Өңірде 635 мың тонна тәтті түбір жиналды. Сонымен бірге дәндік жүгері, майбұршақ бойынша мол өнім алынды. Бұл — соңғы 25 жылда алынбаған рекордтық өнім. Облыста төрт түлік малдың саны 13,7%-ға өсіп, 2,5 млн. басқа жетті, ет және сүт өндірісі 2,8%-ға ұлғайды. Агроөнеркәсіптік саласындағы барлық жетістіктерге бірінші кезекте, Сіздердің қажырлы және табысты еңбектеріңіздің нәтижесінде жеттік деп айта аламын. Сіздерге облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіріп, ерен еңбек пен төккен тердің жемісін көруге тілектеспін! – деді Б. Исабаев.
Бұдан әрі өңір басшысы сала мамандарын марапаттап, бірқатар жетісулықтарға «Еңбек ардагері» медалін, ҚР Премьер-Министрінің Алғыс хатын, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ дәстүрлі түрде өтетін «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері» номинациясының жеңімпаздарын марапаттады. Атап айтқанда, шаруа қожалықтары арасынан Ақсу ауданындағы «Қыдырәлі» шаруа қожалығының басшысы Төлеген Махашевқа, заңды тұлғалардан Ескелді ауданындағы «Хильниченко и К» сенім серіктестігінің басшысы Александр Хильниченкоға 1-ші дәрежелі диплом мен Трактор сыйға тартылса, «Ақсу қант зауыты» ЖШС басшысы Самат Надирбаевқа 1-ші дәрежелі диплом мен 700 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық тапсырылды. Сол сияқты талдықорғандық «Жер Ана» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі, сарқандық «Сайранбек Агро» ЖШС, Қаратал ауданынан «Ерғазин», Алакөл ауданынан «Самет Агро», Кербұлақ ауданынан «Дәурен» шаруа қожалықтары, Панфилов ауданындағы «Жаркент крахмал- сірне зауыты» ЖШС, Көксу ауданындағы «Көксу Компани» ЖШС-ның еңбектері аталып өтіліп, арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Осы салтанатты шарада құрметке ие болып, шаруа қожалықтары арасында үздік ауыл шаруашылық тауар өндірушісі атанған ақсулық «Қыдырәлі» шаруа қожалығының басшысы Төлеген Махашев өз ризашылығын білдірді:
– Халқымызда: «Сыйлық қымбат емес, сүйіну қымбат» деген нақыл бар. Бүгінде облыс әкімінің қолдауымен жаңа техникаларға қол жеткізіп жатырмыз. Бұл жұмысты жеңілдетіп, шаруамызды ілгерілетуге септеседі. Ал осы реткі салтанатты шарада еңбегім еленіп, трактор көлігін ұтып алғаныма қуаныштымын. Әрине, тағы бір жаңа техникаға қол жеткіздім деп емес, ең бастысы ел келешегіне қосып жатқан үлесіміздің бағаланғанына ризамын. Бұл біздің алдағы жұмыстарға белсене кірісуге дем береді, – дейді ол.
«Еңбек ардагері» медалінің иегері атанған зейнеткер, «Қалманбетов» шаруа қожалығының басшысы Зейнеқабыл Қалманбетов те қуанышын жасырған жоқ:
— Зейнетке шықтым деп қарап отырмай, шаруа қожалығын әлі де жүргізіп келемін. Шамамыз жеткенше әлі де еңбек ете береміз. Өйткені еңбек – өмірдің мәні. Биыл 30 га жерге сепкен қант қызылшасының шығымы гектарына 600 центнерден айналды. Келесі жылы алқапты кеңейтіп, 60 га жеткіземіз деп отырмыз. Сояның да егістігін ұлғайтамыз. Мемлекеттен беріліп отырған көмектің арқасында жақсы өнім алуға мүмкіндігіміз мол, — деді ол.
Атап өтсек, осы күні Талдықорған қаласында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жәрмеңкесі өтті. Оған облыстың 2 қаласы мен 8 ауданынан 18 түрлі азық-түлік өнімдері әкелініп, саудаланды. Атап айтқанда 90 тонна ауыл шаруашылығы өнімі, соның ішінде ет, балық, сүт өнімдері, картоп, көкөніс өнімдері, жеміс-жидектер т.б. бар.
Еске салсақ, осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыста ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 103,7% өсіммен 405,3 млрд. теңгеге жетті. Жылдың қорытындысында 102,5%-ға, яғни 518,2 млрд. теңгеге жеткізу межеленіп отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.