Аналар үйі
дереккөз

Талдықорған қаласындағы Ана үйіне биыл  5 жыл  толып отыр.  Осыған байланысты аналар шаңырағында шара өтті.

Заманының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген  даналық сөзі бар. Ұрпақ қамын ойламаған ұлттың келешегі жоқ. «Ана үйі» қоғамдық қор 2014 жылдың ақпан айында  Талдықорған қаласында ашылыпты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қор аналардың әлеуметтік, психологиялық, медициналық, материалдық жағынан қолдау көрсетеді.  Осындай жанашырлық пен көмектің арқасында 102-ден астам бала жетімдік қамытынан аман қалды.

Жалғызбасты аналар баласымен бірге қамқорлыққа алынып, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетіліп, өз баласын өзі тәрбиелеуіне барлық мүмкіндік жасалады. Осының нәтижесінде  көптеген келеңсіздіктердің жолы кесілді. Кейбір жағдай болады, жас ана енесімен арада ұрыс-керіс болып үйден кетіп қалады.  Екіжақты психологиялық көмектен соң, отбасыларына оралатын кездер де аз емес көрінеді.
«Біздің басты міндетіміз – жас аналарға көмек көрсету. Тәжірибе көрсеткендей, осындай тағдыр тауқыметіне түскен аналарға дер кезінде  әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетілсе, көздері жаутаңдаған кішкентай періштелердің балалар үйіне түсуінің жолын кесуге болады», — дейді   «Аналар үйінің» үйлестірушісі Бақтыгүл  Жексенбаева.

 Қор мамандарының көмегімен  17 ананың құжаттары рәсімделсе, 3-еуі  аттестат алды. Тағы үшеуі алимент рәсімдесе, бірнешеуі баспана алып қуанды. Ешқандай білімі жоқ жас аналардың   кәсіби білім алуына да жағдай қарастырылып отыр. Соның нәтижесінде 12 ана оқытылып,   сертификатқа ие болды. Медициналық көмек 5 адамға көрсетілсе, 7-еуі жұмысқа орналастырылды. Екі бала балабақшаға  барып жүр.

                                                                                                       

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK