Тәуелсіздік күніне орай Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл Желтоқсан оқиғасының куәгерлерін қабылдады. Осындай азаматтар саны қаламызда 40-қа жуықтайды. Қала басшысы тәуелсіз қазақ елінің бағындырған биік белестері мен қазақ жастарының толқуына қатысқан жандардың ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі екенін айтып өтті. Айтар болсақ, батыр бабаларымыздың ұланғайыр жер мен елді дұшпан аяғына таптатпай, қасық қаны қалғанша қорғағаны өр халқымыздың болашақ жолында жасаған ұлы ерлігі. Ал 1986 жылғы желтоқсанның ызғары, қазақ жастарының намысы, адам құқығы, сөз бостандығын аяқасты етпеудің қамын жасаған, ел тәуелсіздігіне жол салған бастау болды. Азаттық пен егемендік ғасырлар бойғы халқымыздың арманымен қастерлі күн.
Келелі жиында қала әкімі барша жиналғандарға шынайы алғысын білдіріп, Алғыс хат табыс етті.
«Тәуелсіздік – бәрінен қымбат ең қастерлі ұғым, қоғамдағы басты құндылық! Себебі, егемен ел болмай жарқын өмір сүру, берекелі қоғам орнату мүмкін де емес. Сондықтан, елдің тыныштығы, халықтың ауызбірлігі бәрінен қымбат. Ал Желтоқсан көтерілісінде ұлт болашағы үшін бастарын бәйгеге тіккен батырларымыз бүгінде арамызда. Желтоқсаншыларға әрдайым құрмет көрсетілуі тиіс. Ерлігімен ел аузында қалған жандардың арасында талдықорғандық жерлестеріміз де тәуелсіздік таңын бір табан жақындатуға өзіндік үлес қоса білді. Сіздердің келешек ел ертеңі – жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелеуде қосар үлестеріңіз орасан зор деп санаймын», — деді қала әкімі.
Сондай-ақ, осы жиында «Жетісулық желтоқсандықтар» қоғамдық ұйымының төрағасы Ермұхан Жүнісханұлы Желтоқсан оқиғасына қатысқан барша азаматтар жайында сөз қозғап, кешегі желтоқсаншылар ерлігі болашақ ұрпаққа аманат болып қалу керектігін жеткізді. Сөз алғандар қатарындағы Т.Мұсаханқызы да жасалып жатқан әлеуметтік көмектерге тоқталып, облыс және қала әкіміне өз ризашылығын білдірді. Туымыз тұғырлы, еліміз еңселі болсын –деп тілек айтты. Облыс өнерпаздары ән шашу арнады.