Көктемінде көңілдің көп бүрлеген емендей

1211
Фото Асылан Қажеке

Ақын, журналист  Қозыбай Құрман 1989 жылы  туған. Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетін тәмамдаған. Бүгінде Алматы облыстық «Жетісу» газетінде тілші.

Тағдыр күйі

Көктемінде көңілдің көп бүрлеген емендей,

Мен биікпін, махаббат, мендік сезім сен өлмей.

Ғашық болып біттім мен сол дауысқа өлердей,

Нәзіктігі жүректей, нәрлілігі өлеңдей.

 

Сені өзіне тарта ма жаны жұпар бір бал бақ,

Уысына түсірді ол нәркес көзбен кімді арбап.

Мен уақытты сүйемін – шық тамғанда бүршіктен,

Мен сәуірді сүйемін – ол гүл атып тұрғанда-ақ.

 

Мен сүйемін тағы рас, ауыл атын – жол атын,

Талықсыған арманға аялдама болатын.

Мен сүйемін гүлдерді жазда ерте оянған,

Мен сүйемін гүлдерді күзде ерте солатын.

 

Тағы солай сүйдім мен жатқан күзді ніл көшіп,

Қалғым келді құспен де жаздың соңы тілдесіп.

Қоңыр күйін бір құрбы боздатар ма сөзге ұқсап,

Қоңыр мұңның ескегін жөнелер ме ем бірге есіп.

 

Жүрегімнің мұздарын кім бұлардай сүйді ертіп,

(Барсам, шіркін, соларды бауыр атап – үйге ертіп?!

Жүрсем, шіркін, өмірде тағдыр болып – ғашық боп,

Жүрсем, шіркін, ол сүйген әлгі асқақ бір күйге елтіп…

 

дереккөз

Ауыл. Қыз.

Сіздің күз бе, құдай ау, біздің күз бе?

Танысын-ай теректегі іздің бізге.

Алып қашты жапырағын ұры ­– уақыт,

Ит жылаған, жел үрген ызғын түзге.

 

Ызғын түзде арылтқан қоңын ерте

Қойторы бар, жарлы бар тоны келте,

Бір қызық ал айтайын естір болсаң,

Бір қызы бар балдай-тын соның ерке.

 

Қойған неден құйылтып Нәзік атын,

Бір әуеннің ұқсаған сазына тым.

Бір әлемнің падишасы ол секілденген,

Бір өлеңнің нотасы ол жазылатын.

 

Ынтық еткен ол солай күздің айын,

Қайыңды қыз дегенмін, қызды – қайың.

Алабұртқан көңілде жүзген шаттық,

Алабөтен һәм сұлу біздің уайым –

 

Қыз жүрегі. Түн сыз-ды. Қыр беттеген,

Қыз жанары. Мінсіз-ді. Бүрлеп неден.

Қыз жамалы. Кім сызды, түрлеп немен?

Мені өзіне тартатын бір леп,

Не мең.

 

Айтам тағы сол түнде жайды ұнаған,

Кезең барып, көл елтіп сай құлаған.

Жап-жарық. Саң. Болған-ды қайғы маған,

Екі көзі айрылмай айдың одан.

 

Қыз қымсынып, сыңғырлай күле берген,

Күле берген, мен де іштей тілек өргем.

Сүйріктейін сүйінткен – сұңғақ сезім

Сұлу ғана кеудемнен түрегелген.

 

Егер оның қалауы гүлден болса,

Көбелек-сөз көңіліне бірден қонса.

Меннен, сірә, бақытты жан болмас-ты ау,

Нәзік нәзік сөзге елтіп күлген болса…

 

Бөлек аққу ұшқан-ды, бөлек айдын,

Бар болмысын мендегі еле жайдың.

Менің тойым болған-ды былтыр күзде,

Оның тойы ортасы келер айдың.

 Болмыс

Күй төгілді тағы да тамылжулы, бір нашты,

Мың тұлпары көңілдің дүбір қосып қырды асты.

 

Пернелерде мың бұлбұл тартқан сайын дүр етті,

Ұлылығын бұл күйдің өз тілінде жыр етті.

 

Бірде алқып сүйеді ол кеудеңді от-дүр жалындай,

Бірде аңқып сөйлейді баяғының шалындай.

 

Күбір болып тамады еріндерге кезерген,

(Боз жусандай бұп-бұйра сөздің нілін сезем мен)

 

Көзесіне құйғандай түннің сарқып гүл шығын,

Сіздің қырда жарғандай бұлттар тамшы – бүршігін –

 

Қондырғандай айдынға өңшең асыл сазды ылғап,

Шақырардай сол маңға қос қанатын қаз бұлғап.

 

Сұлу бола алар ма шайыр жазған жыр өстіп,

Шешендердің аузынан төгілер ме гүл өстіп?

 

Саған, дүние, салмаймын мұндай шақта көз ұшын,

Сенен көңілім қалады бір-ақ ауыз сөз үшін.

 

Хрустальдің сыңғыры секілденіп өлі, өшкін

Тұрған үнге тамсанар музкант та емеспін.

 

Елтем ерке дауысқа қос пернеде наз айтқан,

Тыныштығын көңілдің соған бола азайтқам…

 

Келді бәрін дүниенің күймен ғана гүл еткім,

Күйден ғана жаралған өзі мынау жүректің…

 

Ана

Аппақ-аппақ үмітті көз қалаған,

Асыл-асыл мен небір сөзге орағам.

Маңдайы алтыннан да жарқын маған,

Таңдайы балға толы өзге ол адам.

 

Таулардай жолай жоннан гүл бөктерген,

Аумайды жүрегі әмсе бір көктемнен.

Сол жанның арқасында айым туған,

Тағдырымды емен тағы тілдеп көрген.

 

Секілді ең-ең ыстық жанның нұры,

Секілді тауда атқан таңның нұры.

Бір парақ өмірімнің  ыстық жыры –

Сөз жатыр «Ана» деген алдымда ұлы.

 

Басылар оттай болып көзге бірден,

Есім жоқ одан мөлдір өзге мүлдем.

Ең ұлы махаббат ол жасқа айналған,

Тамады мөлт-мөлт етіп көздерімнен…

 

ТАҒДЫР

Мен оның атын атап айға ұшпағам,

Жүректей жүрем, әйтеу, қайғы ұстаған.

Ол болып өзімді өртеп от жүргесін,

Сөйлейді мені сүйеп байғұс қалам.

 

Байғұс  – ол. Мендей, сірә қақ бөлінген,

Не пайда таңдай татқан тәтті өмірден.

Басталған қасіретің түтінге ұқсап,

Топырағыңа қош айтқан сол сәтте бірден.

 

Шеруенде қыр жыласа шерменде емей

Қайткені;

Жусан түсер, ерменге де ой.

Қалбаңдап жүрген сені ерте кеткен,

Дүниені не дерсің сен «керуен» демей.

 

Ұмытқан секілденіп ауыл атын,

Ұмытқан сол даланы, дауыл атын.

Тәрізді тағы ұмытқан ата бейтін,

Жүрегі содан шымшып ауыратын –

 

Мен  – бір жан ештеңесіз, есті ұмытқан,

Тәбәрік таба алмаған ескі жұрттан.

Тамызбаса екен деп ешкім ұрттам,

Бір сарығын іздеген кешкі бұлттан.

 

Мүмкін, онда келер ме жердің иісі,

Шаруа төккен ащы бір тердің иісі.

Отырамын ұзақ-ты. Ештеңе жоқ.

«Жат орданың» елестеп енді мүйісі.

 

Неміз қалды, етпекпіз нені кеңес?

Мазалайды-ау осы ойлар сені де – кеш!

Ол менің – туған жерім болған бірақ,

Ол менің – неге туған жерім емес…

 

Ей, дүние

Бозаң елес,

Бозғыл ой,

Қиял біткен бозғылтым,

Сейілтер ме жүректің алқып шыққан сөз бұлтын.

Бостандыққа ұмсынған ұядағы ұлы арман,

Сақи күннің күтеді түнекті ашар жез кілтін.

 

Жырау бабам сөз еткен тобылғының берегі,

Сол берекке мың тарам нұр үймелер себебі.

Қандай бейғам ұйықтайды

Қандай балғын;

Япыр-ау!

Мынау таңның бөбегі.

 

Бидайлығым бүлкілдеп

Өпкім келер еңбегін,

Өбе алмаймыз адамзат

О, недеген шерлі едің.

Сосын салқын қараймын алау-далау өмірге,

Безіне алман мұңынан осалдығым ол менің!

 

Бәтуәсі бітпеген бағзы күнде ертегім,

Баян болар сізге енді келте шаттық, келте мұң.

Шанағына қадалар сан арудың кірпігі

Қоңыр күйін мезгілдің еңіреп кеп шертемін.

 

Тарихыма тағзым қыл үңіл еркін бас алман,

Ей, дүние, адамдар азабынан жасарған.

Мен деген бір мүсінмін жан бітірген тәңірісі,

Еркіндіктен қашалған.

Маған бұлай қасарман!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK