Насиха Уәлиқызы
дереккөз

Ұлы Абай «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан»-дегендей, мұғалім  алдынан  тәрбие  алмайтын  жан  жоқ.  Еркін ауылында ұлағатты ұстаз  Нәсиха Уәлиқызының аты  аталса, оның   берген  білімі  мен  тәрбиесі, айтқан ақылы   әрбір  жанның  өміріне  жол  сілтер  шамшырақ болғандығын айтылады.  Өзі де  шәкірттердің құрметін көргенде мұғалімдік мамандықты таңдағандығына  еш өкінбейтіндігін, қайта бақытын еңбектен тапқандығын  мақтан етеді.

Биыл 70 жасқа  аяқ басқан  Насиха Уәлиқызы  Еркін ауылының Кемеращы бөлімшесінде қарапайым колхозшылар отбасында дүниеге келген. Әкесі Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер, колхоздың өркендеуіне атсалысқан. Ал анасының қолынан бәрі келетін, ісмер адам болған.

«Кемеращыдағы 4 жылдық бастауыш мектепті бітіріп, одан әрі 8 сыныпқа дейін Еркін ауылындаға мектепте оқыдым. 1964 жылы Панфилов педагогикалық училищесіне оқуға түстім. Студент кезімізде оқуға құштар едік. Төрт жылдың ішінде небір білімді  ұстаздардан дәріс алып қана қоймай,  жан-жақты білім мен тәрбие алдық. 16 жасымызда мұғалім болуға бейімделдік. Таңғы 5-тен тұрып, емтиханға дайындалатынбыз. Сол училищедегі оқып жүргенде музыкалық нота үйреніп, мандолинамен бастауыш сыныптарға лайықты әуендерді үйрендім. Домбыра үйірмесіне қатысып, 50-60 адамдық оркестрге мүше болғанмын. Мерекелік шараларда Таңатар Алшабековтің  жетекшілігімен күйлерді орындайтынбыз. Өте белсенді болдым. Сахнада би билейтінмін. Мұғалімдер «биші қыз» деп атайтын»,- деп жастық шақты еске алып қойды.

Содан 1968 жылы  училищені ойдағыдай аяқтап шығады. Шұбар ауылы Нұрмолда Алдабергенов атындағы колхоздағы М.Байысов атындағы мектепке жолдамамен барып орналасады. Ол кезде  ауылдық мектепте балалар саны өте көп.  Жас ұстаз 1-сыныпта 42 оқушыны оқытты. Екі пәннің өзінен 84 дәптерді көтеріп үйге қайтатын. Байысов атындағы мектептің жанында еңбеккерлердің балалары жатып оқитын интернатта болды. Білімді ұстаздармен , мәселен, атақты халық мұғалімі Қантай  Қанабековамен иық тірестіре жұмыс  жасайды.

 Ғылым  иесі  ғалым  да,  тілінен  бал  тамған ақын  да,  тегеуріні   темір   балқытқан   жұмысшы  да, егін  салған диқан да, мал  бағып   терін   төккен  шопан,  бәрі-бәрі де  Насиха Уәлиқызындай  ұстаздардан  білім,  тәлім  алған.  1981 жылы Көктал ауылындағы Есжан Берліқожаұлы атындағы орта мектеп жаңадан пайдалануға берілді. Сол білім ошағында ұзақ жыл қызмет жасап, зейнеткерлікке шықты.

Ұстаздық жолында абырой мен атақтың бәрін де иеленді. Сонау 1985 жылы Алматыдағы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтына 6 жасар мектеп оқушыларын дайындауға арналған  лекторлық курстан өтіп, дәріс берді. Талдықорған қаласындағы мұғалімдер білімін жетілдіру институтында курсқа келген бастауыш сынып мұғалімдеріне іс-тәжірибесін үйретті. Өз мектебінде жетілеп, күніне 3-4 сабақтан өткізіп, аудандар көлемінде  іс-тәжірибе таратты.

-Тәжірибелі ұстаз ретінде  Талдықорған қаласындағы білім басқармасының бастауыш сынып секциясын басқардым.  Алғашқылардың бірі болып секция жұмысына Қантай Қанабекова  бас-көз болған еді. Қалада қазақша  мектептер жоқ, бәрі аралас оқытатын білім ошақтары еді. Ал Тәуелсіздік  жылдары  қарсаңында  Б.Жолбарысұлы атындағы №18, М.Жұмабаев атындағы  №19  орта мектептер жаңадан ашылғанда бастауыш сынып мұғалімдеріне методикалық көмек көрсетілді. Қазір мұғалімдер қағазбасты. Мен жұмыс жасаған кезде, тіптен басқаша еді. «Ашық есік» деп аталатын  шараны 1 жылға дейін өткізіп жүрдім. Кім сабағыңа кіреді, қандай көмек сұрайды бәріне дайын болуың керек.  Ол кезде мектептің методист маманы  үш тілде мүдірмей сөйлейтін Римма Николаевна еді.

 Тынымсыз еңбек пен ізденістің арқасында «Методист мұғалім» атағын иелендім. Сол 1990 жылдары «Төрт  жылдық бастауыш мектепте оқытудың алғашқы қорытындылары» атты республикалық семинар-кеңеске Талдықорған қаласының атынан қатысу мәртебесіне ие болдым. 18 адамның ішінде 8-ші боп сөз алып, 4 жыл қалай оқыттым, қандай әдістерді қолдандым, нәтижесі турасында ойларыммен бөлістім. Үзіліс кезінде менің алып барған көрнекіліктерімді түк қалдырмай  қатысушылар алып кетті. Мен оған қуандым. Тіпті Шымкенттегі мұғалімдер білімін жетілдіру институтынан келген мамандар «Біздің училищеге тура осындай лекция керек. Шақырту жіберейік, келіңізші» деп  өтінді. Мен келіспедім. Республикалық кеңестен соң , Талдықорғандағы мұғалімдер білімін жетілдіру институтына  менің атыма «Мақтау қағаз» келді. 1992 жылы «Жыл мұғалімі» конкурсына қатысып, лауреат атандым.

1994 жылы облыс көлемінде «Ізденіс үстінде» атты іс-тәжірибелік құрал  таратылды. 1995 жылы «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі»  белгісімен марапатталдым- дейді зейнеткер ұстаз.

Жоғары білім алу мақсатында Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін де тәмамдады. Сондықтан жоғары білімді, тәжірибелі ұстаз 1995 жылы жоғары сынып оқушыларына  қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен сабақ беру мүмкіндігін иеленді. Мектеп директорының методикалық жұмыстары жөнінде орынбасары да  болды. Ұзақ жыл атқарған ұстаздық еңбегінде  ауылдағы бір отбасының  баласын  түгелдей оқытып, ата-аналардың  сыйлы мұғаліміне айналды.  Мысалы, сыныбында 33 бала болса, соның бірен-сараны  орташа оқыса, қалғаны үздік пен жақсы оқитындар қатарында болатын. Шәкірттерінің талайы жоғары білім алып, қызмет атқарғандығын мақтан етеді. «Ұстазы  жақсының ұстанымы жақсы» деген осы болар.  Елдің баласы ертеңгі күні  оқытқанымды  ұмытып қалар деп  ауырса да, үйде жатпады. Болашақтың тұтқасын оқытып жатқандықтан, халықтың білім берудегі сенімді өкілі —  мұғалім болғандығына еш өкінбейтіндігін әңгіме арасында айтып қалды. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» — дегендей, мұғалім   еңбегі ерен.  Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау.

Мұғалімдік сабақ берумен шектелмеген Насиха апай қала бойынша өтетін жүгіру, секіру, теннистік жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алатын.  Отбасында Қойшыбай Көбейұлы екеуі Қуаныш пен Қуат атты ұлдарды тәрбиелеп өсірді. Екеуі жоғары оқу орындарын бітірді. Бұл отбасын мұғалімдер қауымы десе де болғандай.  Себебі, өзі, баласы-келіні, тіпті құда-құдағилары да — ұстаздық жолда.

Ұлы Қуат пен келіні Ботагөз қаладағы №2 орта мектептің мұғалімдері. Айшагүл, Айзере атты немерелері бар.  Үлкен немересі І. Жансүгіров атындағы  ЖМУ-дің студенті.

2007 жылы зейнеткерлікке шыққан Насиха Уәлиқызы мектептен қол үзіп  кетіп қалмады. Сол жылы қалалық ардагерлер ұйымының бастамасымен  «Ата-баба дәстүрі-ұрпаққа аманат» бағдарламасы мектептерде тәрбиелік шара ретінде қолға алынды.  Көптің қолдауымен  Е. Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектептің әжесі болып сайланады.   Содан бері қалалық ардагерлер кеңесінің жұмысына атсалысып келеді.

Мектеп директоры Қ. Сарқытов  болған тұста «Ауылым –алтын бесігім» атты сыныптан тыс шараларға бүкіл мектеп оқушылары мен мұғалімдер қатысты. Көктем айы, екі қазақ үйі тігіліп, далада сары самауырын қайнап тұр, Алтыбақан тепкен жастар. Көрініс өте шынайы шықты.  Балалар әнді шырқап, биді биледі. Тура қазақ ауылының көрінісі. Оқу жылы қорытындысында қала мектептері арасында бас жүлдені иеленіп, мерейі үстем болды. 2014 жылы да «Әке-тірек, ана — жүрек, бала -тілек» іс-шарасында отбасындағы тәрбие мәселесі көтерілді. Бұл жолы да  бас жүлдеге лайық деп табылыпты.

Тәрбиелік шараларды көптеп  өткізуден  мектеп әжесі жалықпайды. Тіпті, қаладағы қоныстойларда, балабақша ашылуында  шашуын шашып, ақ тілегін арнап  апаларымыз жүреді.

 Жас ұрпаққа ақылшы әже, ұлағатты ұстаз Насиха Уәлиқызы  ардагерлер ұйымының мүшесі,  Е. Берліқожаұлы атындағы мектептің әжелер бастауыш ұйымының төрайымы. Еркін ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі. Еркін ауылының Құрметті азаматы.

Ғалым, қоғам  қайраткері  Ахмет Байтұрсынов «Мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған.  Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен де жоғары. Ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр.

Ұстаздар ұстаз жайлы…

Г. Бейсекенова, Еркін ауылындағы Е.Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектептің директоры:

-Насиха Уәлиқызы Еркін ауылындағы орта  мектепте қырық жылға жуық еңбек етіп, бүгінде құрметті демалыста. Ол-зиялы, мерейлі отбасының ұйытқысы. Ауыл жұртшылығы қадірлі ұстазды еңбекқор, өз ісінің шебері, жастарға саналы тәрбие беруші ретінде құрмет тұтады.

 «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» атты шараға ұйытқы болып, мектептің әжесі ретінде барлық істерімізге ақ батасын береді. Құрметті әженің атсалысуымен қалалық ардагерлердің бастамасымен өтіп жатқан шарада бас жүлделерді иелендік. Мектеп ұжымы осындай аға буын өкілінің қамқорлығын сезініп, ақыл-кеңесін алып келеді.

Жанар Мурзабекова: —Мұғалімдікті таңдап, алғаш қадам басқан кезімде, мамандықтың қыр-сырын түйсігіме тереңінен жеткізген ардақты  ұстаз Насиха Уәлиқызы болатын. Күнделікті өмірдің жай адамы емес, болашақты құрушыларды, адамзаттың сәулетті болашағын жасаушыларды тәрбиелеп отырғанымды ұмытпау керек деп тәлімгерім дәріс берді. Маған өмірлік бағыт сілтеген, кірпіш болып қалануыма зор үлес қосушы тәлімгерім Насиха Уәлиқызын Мұғалімдер мерекесімен және 70 жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK