Төл теңгені айналымға енгізу – ел егемендігін нығайтудағы маңызды қадам

312
Дереккөз

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Біз жағдайды мұқият таразылап, жеке валютамызды енгізу туралы шешім қабылдадық. Бұл экономикалық одақ жөніндегі келісімшарттың негізгі ережелеріне қайшы келмейді. Өкінішке орай, бүгінде стратегиялық мүдделер екінші орынға түсіп қалды және қалыптасқан жағдайларға байланысты барлығымызға міндетті межелеу мен жеке валюталарымызды енгізу кезеңі арқылы интеграцияға беттеуімізге тура келеді. Сондықтан да ұлттық валютаны енгізу туралы қабылдаған шешімім – қалыптасқан жағдайдан шығудың жалғыз жолы. Ұлттық валютаны енгізу қажеттілігін барлығымыз түсінуіміз қажет. Біз үшін бұл оқиғаның тек экономикалық емес, сондай-ақ саяси мәні де теңдессіз», – деді. Осылайша 1993 жылдың 15 қарашасында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының төл валютасы айналымға енді. Төл теңгені айналымға енгізу ел егемендігін нығайтудағы маңызды қадам болғаны анық. Ұлттық валютаның пайда болуы нарықтық қарым-қатынастың дамып, тиімді банк жүйесінің қалыптасуына тың серпін берді.

Дереккөз

Елбасы Н.Назарбаев естеліктерінде  «Ил-76» төрт ұшағын жалдап алып, ақшамыздың 60 пайызын тасып әкелдік. Бұл өте құпия операция еді. Құжаттарға: «Мемлекет басшысының салынып жатқан резиденциясына керекті мүлік» деп жазылды. Оған дейін облыстарда жерасты қойма жасатып қойдық. Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі он сегіз рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны ақшаны барлық аудандарға, барлық банкілерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім дүниежүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар»-деп атап өткен болатын.

Ділшат Нұрланқызы, банк қызметкері: Кез келген ұлттық валюта сол елдің негізгі атрибуты болып есептеледі. 1993 жылы  Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия арнайы  тұжырымдама дайындап, онда  жаңа валютаның енгізілу мерзімі, тәсілі, жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу мәселелері, қолма-қол ақшаны айырбастау коэффициенті мен лимиттері, валюта бағамын қалыптастыру және өзге де маңызды мәселелерді айқындады. Нәтижесінде еліміз үшін маңызды қадам жасалды. Біздің мемлекеттілігімізді, дербес ел екендігімізді айғақтайтын Әнұран, көк байрағымыз бен Елтаңбамыз сынды төл теңгеміздің де рөлі зор. Тәуелсіздікпен бірге келген ұлттық валюта тарихына үңіліп, өткенді бағамдауға болады. Алғашқы банкноталарда тарихи тұлғалар, сәулет нысандары бейнеленіп, уақыт өте келе дизайны да заманға сай өзгеруде.  Яғни, тәуелсіз Қазақстанның даму көрсеткішіне көз жүгіртуге болады. Төл теңгенің айналымға енуі — қаржы саясатының тұрақты, жүйелі түрде жүргізілуі.

Елдос Қайролдаев, Алматы облысы жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы: Егемен елдің ажырамас айғағы ретінде ұлттық валютаның айналымға енуі – қоғам өмірінде аса маңызды оқиға болды. Бұл Қазақстан Республикасының дамудың дара да даңғыл жолына түскендігін көрсетті. 1993 жыл менің туған жылым, әрі ұлттық валютаның айналымға енген кезі. Мен мемлекетіміз үшін маңызды, тарихи сәтте дүниеге келгеніме мақтанамын.Төл теңгеміздің құрдасы екенімді ойлағанда, көкірегімді бір әдемі сезім әлдилейді. Ол жеке басыңның қуаны­шының туған еліңнің тарихи өміріндегі айрықша сәтпен тұспа-тұс келуіне деген ризашылықтың әсері деп айтар едім. Теңге – біздің дербес ел болғанымыздың белгісі. Ендігі еліміздің дамуы, үлкен істер біздің еншімізде. Соған өзіндік үлес қосу – басты мақсатым. Әлі де асар асуымыз, алар белесіміз алда. Елімізде бейбітшілік, тыныштық болып, егеменді еліміздің көк байрағы биікте желбірей берсін!

Надира Галиева, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының суретші-безендірушісі: Тәуелсіз Қазақстан тарихында ұлттық валютаның дүниеге келуі шын мәнінде бетбұрысты кезең болды. 1993 жылдың 15 қарашасында төл валюта – теңгенің айналымға енгізілуімен еліміз экономикалық және қаржылық тәуелсіздікке бет алды. Теңге – біздің дербес ел болғанымыздың айқын белгісі. Басқаның валютасына тәуелді болу – барлық байлығыңды біреудің билігіне беру. Ұлттық валюта – еліміздің даму көзі, әлемдік деңгейге теңелудің алғашқы факторларының бірі. Сындарлы кезеңді артқа тастап, сол заманда дүниеге келгенімді мақтан тұтамын.

Жадыра Теңізбаева, Талдықорған қаласының жастар ресурстық орталығының маманы:  1993 жылы  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валюта енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Ең алғашқы төл теңгемізде қазақтың ұлы ойшылдары, күйші-ақындары мен хандарының бейнесі бейнеленгені баршамыздың есімізде. Төл теңге еліміз бен  оның барша азаматтарының дербес тіршілігінің, мемлекет тәуелсіздігінің айғағы болып отыр. Осы уақыт аралығында түрлі қиындыққа қарамастан  Елбасы Н. Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қолдауымен  қаржы дағдарысына төтеп беріп қана қоймай, жұртшылық тарапынан инвестициялық сенімге де ие болды. Ұлттық теңгеміздің – ұлттық құндылығы жоғалмасын.

ҰЛТТЫҚ БАНКТІҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТЫ – БАҒА ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Мереке қарсаңында ҚР Ұлттық  Банкі Алматы облыстық филиалының директоры Қасымбеков Жалғас Омарұлымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Жалғас Омарұлы, Ұлттық Банктің негізгі мақсаты мен міндетіне тоқталып өтсеңіз.

Ұлттық Банктің негізгі мақсаты Қазақстан Республикасында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының мақсаты инфляцияны белгіленген бағдарға сәйкес ұстау болып табылады. 2019-2021 жылдарға арналған инфляция бойынша нысаналы бағдар 4-6% шегінде дәліз түрінде белгіленген. Мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеу және оны жүргізу; төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету; валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыру; қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу; ақша-кредит статистикасы, қаржы нарығы статистикасы және сыртқы сектор статистикасы саласында статистикалық қызметті жүзеге асыру; Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де міндеттерді атқарады.

 Банкте ақшаны қандай валютада сақтаған жөн?

Алматы облысының екінші деңгейдегі банктердегі депозиттердің жалпы көлемі 2020 жылғы 1- қазан жағдайы бойынша 284,1 млрд. теңгені құрады, оның ішінде шетел валютасындағы депозит көлемі 61,1 млрд. теңге, ал ұлттық валютадағы депозит көлемі 223,0 млрд. теңге болды.

Ұлттық Банктің облыстық филиалының қызметі туралы айтып өтсеңіз?

Филиал өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес өз құзыреті шеңберінде мынадай негізгі функцияларды жүзеге асырады:

  • репатриациялау мерзімінде валютаның репатриациялануын бақылауды, сондай-ақ Ұлттық Банктің Қазақстан Республикасындағы экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру тәртібін реттейтін нормативтік- құқықтық актісіне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында экспорттық түсімді қайтару мәселесіне аса назар аударған еді.
  • шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға уәкілетті ұйымдарға лицензиялар беруді, олардың қолданылуын тоқтатуды, айыруды, қайта қалпына келтіруді жүзеге асырады;
  • уәкілетті ұйымдардың, сондай-ақ өзге тұлғалардың қызметіне валюталық заңнаманы сақтау бөлігінде және ұйымдарға ғимараттардың, үй-жайлардың және жабдықтың Қазақстан Республикасының үй-жайларды күзету мен жайластыруды ұйымдастыруға қойылатын талаптарды айқындайтын нормативтік -құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес аталған талаптарды сақтау бөлігінде тексеруді жүзеге асырады;
  • Ұлттық Банктің лицензиясы негізінде банкноттарды, монеталар мен құндылықтарды инкассациялау операцияларын жүзеге асыратын заңды тұлғаларға тексеруді жүзеге асырады;
  • өңірдегі тұтынушылық бағалар мен инфляция болжамына мониторингті жүзеге асырады;
  • экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындардың мониторингін жүзеге асырады;
  • cыртқы экономикалық қызметпен айналысатын кәсіпорындардың статистикалық деректерін жинауды, өңдеуді, сондай-ақ олардың есептілікті беру тәртібін сақтауды бақылайды;
  • валюталық операциялар бойынша есептік нөмірлерді береді және аталған есептік нөмірлер жөніндегі есептерді жинайды, өңдейді;
  • қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын бейрезиденттердің валюталық операцияларына мониторинг жүргізу мақсатында есептерді жинауды және өңдеуді жүзеге асырады;
  • микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың, сондай-ақ коллекторлық ұйымдардың ұсынған қаржылық және өзге есептілікті жинауды, өңдеуді жүзеге асырады;
  • Ұлттық Банктің орталық аппаратымен берілген өкілеттіктерге сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша әкімшілік іс жүргізуді дербес жүзеге асырады, сондай-ақ филиалдың құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді жүргізуге байланысты функцияларды орындайды;
  • Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарын айналысқа шығаруды және оларды айналыстан алуды жүзеге асырады, облыс аумағында қолма-қол ақша айналысын ұйымдастырады
  • айналыстан алынатын және алынған банкноттар мен монеталарды, тозған банкноттар мен ақаулы (бүлінген) монеталарды айырбастауды жүзеге асырады;
  • жеке және заңды тұлғалардан инвестициялық және коллекциялық монеталарды сатады;
  • екінші деңгейдегі банктерге тазартылған алтын құймаларды сатуды және кері сатып алуды жүзеге асырады.

Жалғас Омарұлы, қаржыгерлер кәсіби мерекесін атап өту қарсаңында  оқырмандарымызға айтар тілегіңіз?

Ұлттық валюта-теңге күні тек қана банк қызметкерлері, қаржыгерлер мен экономистердің мерекесі емес, бұл- еліміздегі барлық қазақстандықтардың атап өтетін мейрамы. Баршаңызды аталған төл мерекемізбен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, сәттілік, бақыт, еліміздің көркейіп, даму жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін.

Дереккөз

Ұлттық банк «Дала қазынасы» сериясымен «JETI QAZYNA»  монеталарын айналымға шығарады. Монеталар 100 теңгелік номинал «uncirculated» сапамен нибрасс/нейзильбер қоспасынан дайындалған. «JETI QAZYNA» монеталары «Дала қазынасы» сериясымен шығарылады. Ежелгі аңыз бойынша, нағыз қазақ көшпендісінің басты жеті қазынасы болған: ер жігіт, ақылды, сұлу әйел, құмай тазы, ақыл-білім, берен мылтық, жүйрік ат және қыран бүркіт. Ақылды жар – отбасының берекесі, құмай тазы – аң аулаудағы серігі, берен мылтықпен ұрыста сәтсіздікке ұшырамайды, жүйрік ат пен қыран бүркіт – жауапты сәтте көмекші, ал жан-жақты білім – дана шешім қабылдауға көмектеседі деп есептелген. Номиналы 100 теңгелік биколорлы айналыстағы монеталар 7 түрде берілген — «ER JIGIT», «SULÝ ÁIEL», «QUMAI TAZY», «AQYL BILIM», «BEREN MYLTYQ», «JÚIRIK AT», «QYRAN BÚRKIT». Бұл монеталар айналымға тек екінші деңгейдегі банктер арқылы шығарылады. Кейін айналымдағы өзге монеталармен бірге қолма-қол ақша түрінде пайдаланылады. Бұл «JETI QAZYNA» сериясындағы монеталар заңды төлем құралы ретінде танылады және төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдануға міндетті, яғни, оларды тауар алғанда немесе белгілі бір қызметті пайдаланғанда төлем құралы ретінде пайдалануға болады деген сөз. Айналымдағы коллекциялық және биколорлы монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған. Бағалы металдардан жасалған және блистерлік жиынтықтардағы коллекциялық монеталарды сату күні туралы ақпарат Қазақстан Ұлттық Банкінің ресми сайтында жарияланады. Бұл монеталарды Ұлттық Банктің барлық аумақтық филиалдарынан, сондай-ақ ҚҰБ интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK