Суретті түсірген А.Нұршанов

Еркін ауылдық  округінің әкімі Қайрат Матаевтың есеп беру жиыны  3-бөлімше тұрғындарымен өтті. Медициналық пунктте өткен шараға  Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары С.Арзанбекова, қалалық мәслихаттың хатшысы Т.Ақажан және мекемелер мен сала басшылары, жергілікті тұрғындар қатысты.

Қайрат Замантайұлы өзінің есепті баяндамасында  2019 жылы атқарылған жұмысымен қатар 2020 жылға арналған жоспарларымен де бөлісті. Бұл ауылдық округке Еркін ауылы мен 3- бөлімше қарайды.  Өткен жылдың қорытындысына көз жіберсек, әкім азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдап, 200-ден астам  сауалға жауап  берген.  Бірқатар анықтаманы ауыл тұрғындраы «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» арқылы алу мүмкіндігіне ие болыпты. Шалғайдағы елді мекенде тұратын балаларды білім беру мекемелеріне апарып және кері алып қайту тасымалы тегін көрсетіледі. Тұрғындар үшін  ауылда  «Ашық есік күні» шарасын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Елді мекендерді абаттандыруға, оның ішінде, санитарлық тазалығына, жарықтандыру, көгалдандыру, автожолдарды қыс және жаз маусымында тазалау, қиыршық тас төсеу мәселесі үнемі назарда. Ауыл ішінде және шетіне заңсыз төгілген 274 тонна күл-қоқыс шығарылған. Жұртшылықтың қоқыс салғыш жәшікті өз ауласына қоюы қажет екендігі де ескертілген. Алдағы жоспарларда санитарлық тазалық сенбіліктерін ұйымдастыру, апатты қоқыс алаңдарын жою, ауылды көркейту, елді мекендерге жарықшамдар орнату мәселесі қарастырылған. Оның  жобалау –сметалық құжаттары жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткен.

 Округ бойынша 154 шаруа қожалығы тіркелген. Жекеменшіктің қолында 1591 бас ірі қара, 5269 ұсақ мал және үй құстары өсірілуде.   Ал жер телімдерін электронды картаға енгізу жұмыстары  ойдағыдай жүргізілуде. Оқушылардан құралған еріктілер тобы  жалғызбасты қарттарға, көмекке мұқтаж адамдарға қолдан келгенше жәрдемдеседі.

Есепті баяндамадан кейін округ әкіміне тұрғындар тарапынан бірқатар әлеуметтік мәселелерге қатысты сұрақтар қойылды.  Бөлімше тұрғыны  Б. Бөжеев  оңалту  орталығы  болады деген  ғимараттың қараусыз қалғандығын айтып,  қоршап қою мәселесін көтерді. «Балалар сол жерге барып ойнайды, олардың қауіпсіздігін ойлауымыз керек»-деді.

 Алматы — Өскемен бағыты бойында  тұрған бөлімше тұрғындарына  түнгі жарықтандыру мен жолдың арғы  бетіне өту қиындық тудырғандықтан, арнайы жол белгісі қажеттігі айтылды. Жарықшам орнатуға қатысты да мәселе қозғалды. Ауыл әкімі Қ. Матаев   бірқатар көтерілген  мәселелердің ескерусіз қалмайтындығын айтты.

 Тұрғындар атынан С.Ажикенова сөз алып, атқарылған іске оң баға берді. Мәселен, №13 қоғамдық көліктің жүру бағыты ұзартылған. Көлік аялдамасы  орнатылып, қалаға қатынайтын жолаушылар үшін жағдай жасалған. Біраз көшеге жарықшамдар орнатылып, қиыршық тас төселген.

Қала әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова Талдықорған қаласының соңғы жылдары көркейіп, дамып жатқандығын тілге тиек етті.  Оңтүстік-батыс аймақта  алдағы уақытта мектеп, балабақша құрылысына жер бөлініп, құрылыс жұмысы жүргізіледі.  «Аталмыш бөлімшедегі медициналық көмек көрсету мекемесі жаңартыла ма?» деген сауалға да жауап бере кетті. Жаңадан бой көтерген  6-7 шағын ауданда тұрғындарға арналған  алғашқы медициналық көмек орталығы көп қабатты үйдің төменгі қабатынан ашылды. Сол сияқты, медициналық қызмет көрсету мекемесін ашуға алдағы уақытта  көңіл бөлінеді. Себебі,  бұл  аймақпен коттеджді қалашық шектесіп жатыр. Тұрғындар саны өсіп отыр.

Жиында  ауыл әкімі жұмысына «қанағаттанарлық» деп баға берілді. Азаматтарды жеке  сұрақтары бойынша қабылдау әрі қарай жалғасты.

24 қаңтар күні сағат 15-00-де  Еркін ауылдық округі әкімі Қ. Матаевтың  тұрғындармен есепті кездесуі «Қаратал» шағын ауданындағы «Достық» үйінде өтеді.

                                                                        

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK