Талдықорған қаласының басшылығы көшедегі сауданы тоқтатуды ұйғарып, осы мақсаттағы нақты іс-шараларды бастап кетті. Осы жұмыс барысында түсірілген сурет-хабарламалар әлеуметтік желілерде белсенді түрде таратылып жатыр. Бұл тақырып бүгінгі таңда нөмір бірінші тақырып болып тұр. Көпшілікке таратылған бейнежазбалардың мәнісін, көшедегі сауда-саттықпен күресу үшін қандай шаралар қолданылып жатқанығын түсіндіру мақсатында Талдықорған қаласы әкімінің орынбасарыы Сайлауғалы Байназаров облыстық «Жетісу» телеарнасына келіп, «Диалог» хабарына қатысқан еді. Осы хабардың жүргізуші журналисі Гүлназ Мұстафамен араларында болған  сұхбатты оқырмандарымызға ұсынып отырмыз.

— Көшелердегі жабайы саудамен күрес жылдан-жылға жалғасып келеді.  Бірақ бұл мәселе шешімін әлі тапқан жоқ. Мұның себебі неде?

— Иә, күрес әлі жалғасуда. Оның түпкі себебі мынада болып тұр: көше саудагерлері келіп, заң бойынша жалға алған орындары үшін салықтарын төлеп, саудаларын жүргізе беретін белгілі бір орын жоқ. Мұның екінші жағы бар: саудагерлер тиісті салықты және жалға алған орын бағасын төлегісі келмейді. Бұл текетірес бүгін немесе кеше ғана басталған жоқ. Мен осы қызметке келгеннен бері біз прокуратураның, полицияның, басқа да мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп осы орындарға сан мәрте келгенбіз, заңнама талаптарын түсіндірдік, ескерту жасадық, тіпті Әкімшілік заң бұзушылықтар жөніндегі кодекске сәйкес кейбір саудагерлерге 1 млн. 400 теңге көлемінде айыппұл салдық, бірақ нәтиже болмады. Сол күні кетіп қалған саудагерлер ертеңіне сол жерге қайтадан келеді.

Осыған байланысты біз заң шеңберінде нақты іс-қимылдарға көшуді ұйғардық. Алдымен көшеде сауда жасауға, оның үстіне тауарларды жерге жайып сатуға болмайтындығы туралы, мемлекеттік кірістер туралы заңды, кәсіпкерлер туралы кодексті т.с.с сақтауға міндетті екендіктері жайында ескертулер тараттық. Сонымен қатар, көшедегі сауда орындарында қапшықтар, жәшіктер, тауар салынған қораптар т.с.с қараусыз қалатын болса, қаланы абаттандырушы қызметкерлердің кешкі уақытта дүние-мүлікті алып кететіндерін де ескерттік. Солай жасадық та. Қатаңдау әрекет шығар, бәлкім, бірақ бәрі де заң аясында жасалды.

-Бізге телефон шалушылар да көп. Олардың сұрайтындары: Сіздер бұрын қайда болдыңыздар, осы жұмыстарды енді ғана бастағандарыңыз неліктен? Бұған не дер едіңіз?

-Жоғарыда айтып өттім: біз бұл іс-шараларды бұрын да жүргізгенбіз, жабайы сауда орындарына барғанбыз, ескерткенбіз, айыппұл да салғанбыз. Бұдан басқа шаралар қолдана отырып, сауда орындарын ұсынғанбыз да. Енді  нақты іске көшкенімізден соң бізге 47 саудагер жиналып келді. Қазіргі кезде коммуналдық базарда 70 бос орын, сауда үйлері: «Эльдорадода»-4 орын, «Қайнарда» -3, «Доста»-2, «Талдықорғанда»-3 орын, «Дәулет» сауда үйінің жанындағы жабық базарда – 8 бар екендігін түсіндіріп айттық. Саудагерлер бұл орындардың бәрінен бас тартты. Олар өздеріне арбаттың берілуін, «Көк базардың» қарсысындағы участкені жауып, үсті жабық базар салып беруді талап етеді. Бұған біз келісе алмаймыз, өйткені Талдықорған қаласын дамытудың өз жоспары бар. Оның үстіне, осы учаскедегі жол қозғалысын жақсырақ етіп ұйымдастырудың жобасы бар. Гауһар ана көшесіндегі көлік қозғалысын екі жақты қылып, тротуар шетін бойлай биіктігі бір метрлік қоршау орнату қажет, сонда жаяу жүргіншілер сол жолмен жүретін болады, ал жабайы саудаға бұл жерде орын қалмас еді.

Адамдар сауда жасау үшін неліктен дәл осы жерді таңдаған? Өйткені осы аумақта орналасқан сауда үйлеріне сатып алушылар көп келеді, олар жақын орналасқан жабайы сауда нүктелеріне де жолай соға кетеді. Бұл саудагерлерге тиімді.

— Бүгінде Талдықорған тұрғындары екіге бөлінді. Бір бөлігі сіздердің шешімдеріңізді құптайды, қаланың стандарт бойынша дамуын қалайды. Екінші бөлігі саудагердерді қолдайды. Олардың пікірінше, егер саудагерлер сауда үйлерінде орналасса салық пен аренда көп болып кетеді. Бұл мәселеге назар аудардыңыздар ма?

-Әлбетте. Қазіргі кезде «Эльдорадо», «Қайнар» сауда үйлеріндегі айлық аренда ақысы 25 мың теңге болса, «Дәулет» сауда үйінің жанындағы жабық базарда-тәулігіне 1 мың теңге, Коммуналдық базарда-тәулігіне 500 теңге т.с.с. Біз мұндай мониторингті үнемі жүргізіп келеміз. Бұдан басқа, Жұмысқа орналастыру орталықтары арқылы біз осындай адамдарды жұмыс орындарымен қамту жағын қарастырғанбыз. Олармен кездесулер кезінде осы мүмкіндіктер туралы айқанымызды ешкім де ондай ықылас білдірмеді. Біріншіден, ұсынылатын еңбекақы мөлшері оларды қанағаттандырмайды, екіншіден, жұмыспен қамту орталығы жұмыс беру уақытын созады немесе жұмыс тауып бере алмайды дегендей негіссіз уәждер айтады. Мүмкін ондай фактілер болған да шығар, бірақ олар тым сирек кездеседі. Тағы бір себеп,- біршама адамдар жағдайы төмен немесе көпбалалы отбасы ретінде арнайы әлеуметтік көмек пен мемлекеттік жәрдемақы алуды қалайды. Біздің түсінігімізше олар үшін көше саудасымен айналысу тиімдірек. Алайда, сауда жасап, салық төлемеу, фискалды чек тапсырмау, сапа туралы куәландыратын сертификатынсыз тауар сату, жерге жайылған, денсаулыққа қауіпті азық- түлік өнімдерін жұртқа сату ісінің заңсыз екенін, адамгершілікке жатпайтындығын олар ескермейді.

Тағы бір айта кететін жайт бар. Біз әлеуметтік желілер арқылы сауалнама жүргіздік. Жауап берген респонденттердің 82 пайызы біздің әрекеттерімізді дұрыс деп санайды, қалған 18 пайызы шүбәмен қарайды немесе мүлде мақұлдамайды. Қалай болса да, бір нәрсені ескеру қажет: Талдықорған обыс орталығы, біздің міндетіміз-қаламызды талапқа сай ұстау.

-Қолдарыңыздан келе ме?

-Бұл қолымыздын келеді деп ойлаймыын. Егер біздің барлығымыз бірлесе отырып, үздіксіз жұмыс жүргізсек, бұл іс табысты болмақ. Бізге қала тұрғындарының да, басшылықтың да қолдауы қажет. Жабайы көше саудасына қарсы күрес жұмыстары құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қатысуларымен үздіксіз жүргізіледі. Осы іске қатысты шешімді орындау жөніндегі арнайы комиссия мен жұмыс тобы құрылған. Қала әкімінің қаулысымен арнайы шаралар жоспарланған, олардың жүзеге асырылуы қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың ерекше бақылауында тұр. Сондай-ақ, бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталовтың хаттамалық шешімі бар. Жұмысты жалғастыра береміз.

Дайындаған Алма Уразаева,

қазақшаға аударған Айтқазы Байдәулетов.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK