дереккөз

Достық үйінде  Талдықорған жоғары медициналық колледжінің ұйымдастыруымен І.Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына орай медициналық білім беретін оқу орындарының білім алушылары арасында  әдеби-композициялық байқау өтті.  «Асқақ жырдың ақиығы» атты облыстық байқаудың  шымылдығын колледждің «Ақжайық» домбыра үйірмесінің  өнерпаздары күмбірлеген күймен ашты.

І.Жансүгіровтің  туыстары  Ғафур Бикташев,  Динар  Санжарқызы Алдабергенова, Умил Болатқызы,  Джамиля Болатқызы Ғабитовалар шараға  қонақ ретінде келіп қатысты.  Талдықорған жоғары  медициналық колледжінің директоры, м.ғ.к.  Серік Жансеңгіров құттықтау сөз сөйлеп,  шараның сәтті өтуіне жүрекжарды тілегін білдірді.  Мұнан кейін кеш ұйымдастырушылары М.Иманғазиновтың «Ілияс Жансүгіров» туындысын сахналады.

Байқауға І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Иманғазинов, Талдықорған қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Сандуғаш Рысбаева,  Достық үйі директорының орынбасары Бақберген Дүйсенбаев, І.Жансүгіровтың немере туысы — Бикташев Ғафур Мунирұлы әділқазылық етті.

 

дереккөз

Бұл байқауға ниет білдірген  13 үміткер екі кезеңде бақ сынасты. «Жыр құлагері — Ілияс» атты бірінші кезең, яғни,  көркемсөз сайысында үміткерлер ақын өлеңін мәнерлеп жатқа оқып берді. Ал, «Ілияс ізбасарлары» атты кезеңде жас ақындар жыр дүлдүлі  Ілияс ақынға өз  жүрекжарды жырларын арнады.  Шара қорытындысында,  «Жыр құлагері — Ілияс» атты көркемсөз номинациясы бойынша 1-орынды  Ұзынағаш медициналық колледжінен Асқарбек Кеулимжаев, , 2-орынды  республикалық жоғары медициналық колледжі  білімгері  Нүргүл Әділханова, 3-орынды «Авиценна» медициналық колледжінен Виктория  Кулешова иеленді. Сондай-ақ,  «Ілияс ізбасарлары» атты жас ақындар аталымында 1-орынды Талғар медицина колледжінен Арұлан Базаралинов, басқа жүлделі орындарға  Талдықорған жоғары медициналық колледжінен Ақерке Маранова, «Авиценна» медициналық колледжінің білімгері Серікбол  Жеңісхан лайық болды. Барлық қатысушылар Алғыс хат және  бағалы сыйлықтармен марапатталды. Шараға арнайы ат басын бұрған Ілияс атамыздың туыстарына колледж басшысы С. Жансеңгіров қазақи дәстүрмен шапан жапты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK