дереккөз

Отан қорғау, әскерде борышын өту –  еліміздің әр азаматының қасиетті міндеті.   Қарағанды облысындағы  республикалық «Айбын -2019» әскери-патриоттық  жиын жас жеткіншектерді отансүйгіштікке тәрбиелеу  бағытында  ұйымдастырылды. Еліміздің барлық аймағынан, арнайы әскери мектептердің курсанттары, патриоттық клуб тәрбиеленушілері  қатарынан 700-ге жуық өрен қатысты.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев арнайы барып, жас буынның дайындығын көріп, қарулы күштердің техникалық әзірліктерін тамашалады.

«Еліміздің болашағы, қорғаны-  жастар. Біз айбынды, батыл ұландарға сенім артамыз. Қазақстанның әрбір жетістігі жарқын болашақтың айғағы. Отанға  адал қызмет етуге жастарды тәрбиелеуіміз керек »,-деп  Президент  Қ. Тоқаев атап көрсетті.

Алматы облысының атынан қатысқан «Жетісу тарландары» клубынан 15  өрен қатысты.  Әскери жарыс бағдарламасына қатысушылардың  әскери тұрғыдан дайындығын көрсететін  шарттар, кедергілерден жүгіру, эстафета,пневматикалық қарудан ату, автоматты жинау,асық ату, робототехника және де басқа  да интеллектуалдық бағыт енгізіпті.

Алматы облыстық білім басқармасының әскери-патриоттық тәрбие бөлімінің жетекшісі, облыстық «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы  Айбол Қасеновтың айтуынша,  жарысқа қатысқан жасөспірімдер  өз қарым-қабілеттерін, жігерін  көрсете білді. Команда 10 ер бала мен 5 қыздан құралған.  Жеке сайыстарда , мәселен, ұлттық ойын асық  ойнынан  Іле ауданынан барған І. Байсуанов бірінші орынды иеленді. Турникке  тартылудан С.Пак үздік өнер көрсетті.Робототехникалық байқауда екінші орын тұғырына көтерілді. Өткен жылдары Алматы облысының командасы бірінші орынды иеленіп қайтқан болса. биыл 4-орынды еншіледі.

«Жетісу тарландары»  әскери –патриоттық клубының капитаны Ерсұлтан Тоқтажинов республикалық жиынға жан-жақты дайындалғандықтарын, алдағы уақытта алдыңғы орыннан көрінетіндіктерін сенім артты.

-Әскери өмірдің қандай болатындығын бастан өткердік, Арнайы казармада тұрдық,  кестеге сай  таң сәріден тұрып, жүгіресің. Одан соң тамақтанып, қайта дайындық жасадық.   Нағыз әскерилердің өмірін бастан өткердік. Алдағы уақытта  әскери  қызметпен өмірім  байланысты  болар деп ойлаймын.  Қалалық,  облыстық  патриоттық шараларға белсене қатысқандықтан республикалық «Айбын» жиынына  жолдама алдым,-дейді Абай атындағы орта мектеп-гимназияның оқушысы К. Попов.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK