Жолан Сыздықов
Жолан Сыздықов оң жақтан екінші тұрған

«Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды».  Артына өшпес із қалдырған Жолан Сыздықов жайлы да  айтып өткенді жөн көрдік. Ол 1914 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Ленин ауданына қарасты ауылда шаруа отбасында туған. Ауылшаруашылық техникумын бітірген соң Қарағанды облысына жолдамамен аттанады.

Жас буын өкілі  жоғары білім алмақ  ниетпен 1934  жылдары Алматы мал дәрігерлік институтына оқуға түседі. Сол жерден ол азаматтық борышын өтеуге шақырылады.  Өмірдерегіне көз жіберсек,  партия, кеңес, комсомол жұмыстарында басшылық  қызметтер атқарады. Ал сұрапыл соғыс басталғанда ол  Ленинград майданында батальонның әскери  комиссары, одан кейін 2 армиялық бөлімнің командирі орынбасары болып көзге түседі. 2-ші Украина майданының партбюро хатшысы қызметтерін атқарды.   Отан үшін болған соғыста армия  командирінің саяси көмекшісі  ретінде қырағылықпен көзге түсті. 1943-1945 жылдары  Мәскеудегі   жоғары  Әскери  академиясын аяқтады.

Екінші дүниежүзілік соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсете білді. Олар өзен мен батпақ кешіп, қар жамылып, мұз жастанып, ең қиын деген әскери тапсырмаларда жүрді. Жолан Сыздықұлы жауынгерлердің рухын  көтеріп,  сағы  сынбауына жұмыс жасады, дем берді.  Саяси кеңестік  жұмыстар жүргізді. Жеңіс туын желбіреткен ерлермен бірге  елге оралды.

Қазақстан Орталық партия комитетінде хатшы,  ауылшаруашылық саласының басшысы болды. 1953-58 жылдары Талдықорған ауылшаруашылық техникумының  директоры, одан кейін Талдықорған облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығы қызметтерін атқарды.

Қаратал, Талдықорған аудандық партия комитеттерін басқарды.  Ұзақ жыл  облыстық баспа ісі, полиграфия, кітап саудасы басқармасында қызмет атқарды.  Бірнеше мәрте халық қалаулысы болып сайланды.

Биік мақсатты істерді атқарған майдангер облыстың өркендеуіне  өзіндік үлес қосқандығын мұрағаттағы деректеріне  қарап  аңғарғандай болдық. Жолан Сыздықов Еңбек қызыл ту орденінің иегері. Ұлы Отан соғысының орден мен медалдарымен марапатталған. 1974 жылы 60 жасқа қараған шағында қайтыс болады.

Тәуелсіздік алған жылдары  Талдықорған қаласындағы  бір көшеге   Ұлы Отан соғысына қатысушы, қоғам  қайраткері  Жолан Сыздықовтың аты беріледі.  Жарқын болашақ, бейбіт өмір үшін  қиян-кескі ұрыс даласында  от пен оқтың арасынан аман оралып, елдің  дамуына үлес қосқан ардагерлеріміз  өмірден өтіп кетті. Алайда, олардың  істері ұрпағына  үлгі-өнеге.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK