Ардагерлер үйінде Талдықорған қалалық ардагерлер ұйымының кезекті Пленум отырысы өтті. Аталған басқосуда ұйымның ағымдағы жылда жасаған жұмыстары қорытындыланып, келер жылда атқарылатын мақсаттар айқындалды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Жиынға қала әкімі Дастан Шалтабаев, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, қалалық ардегерлер кеңесінің төрғасы Мұрат Қалық және қала ардагердері қатысты.

Пленумды Ермек Әбілмәжінұлы жүргізіп отырды. Күн тәртібіне бекітілген мәселе бойынша алғаш сөз алған Мұрат Шаяхметұлы 2018 жылдағы жұмыстар туралы баяндама жасады. Айтуынша, қалалық ардагерлер ұйымы өз жұмыстарын «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат», «Өмір – үлкен мектеп» және кейінгі төрт жылда «Ұлы дала – барша қазақтың қара шаңырағы, мәңгілік елдіктің, азаматтық сәйкестіктің берік іргесі» атты үш бағдарламамен жүзеге асыруда. Сондай-ақ, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы мен «Болшаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланы жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын халыққа кеңінен түсіндіріп, оны насихаттап және Астана қаласының 20 жылдығы аясында қоғамдық-саяси шаралар ұйымдастырған.

«Жылдар бойы осы үш бағдарламаны іске асыруда 50-ге жуық іс-шара өткізілді. Атап айтқанда қала тұрғындары мен мектеп оқушылары, жоғары және орта буынды дайындайтын оқу орындары, қала маңындағы ауыл тұрғындары, сондай-ақ, кәсіпкерлер, әскери мамандардың қатысуымен конференциялар, дөңгелек үстел, ашық сабақтар, мүшайралар және тағы басқа кездесулер өтті. Мұндағы біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың бірлігін нығайтып, берекелі өмірге шақыру», — дейді М.Қалық.

Сонымен қатар, кеңес төрағасы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында келер жылға арнайы жобалар дайындалып жатқандығын айтты. Яғни, мұнда әлеуметтік желілер арқылы ардагерлер туралы мәліметтер жинақтау көзделген.

Келесі де қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Айтмұхамбет Ерасылов, 2019 жылда атқарылатын ұйымның жұмыс жоспарына тоқталды. Атап айтсақ, ардагерлер келер жылы да Елбасының жолдауларын, мақалаларын қала тұрғындары арасында насихаттау,  зейнеткерледің әлеуметтік құқықтарын қорғау, жастар  арасындағы тәрбиелік жұмыстарды ұлттық идеологиямен қамтамасыз ету және ардагерлердің қатарын толықтыру, оларды қоғам жұмысына тарту сынды жұмыстарды жүзеге асырмақ.

Ал, өз кезегінде сөз алған Ғалиасқар Төлендіұлы ұйым жұмысын жоғары бағалап, алдағы істеріне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, партия филиалы төрағасының орынбасары ұлттық болмысты жандандыру бағытында атқарылатын шараларды тағы да көбейте түсу керектігін айтты.

Жиын соңында Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаев:

«Ардагерлер ұйымының мүшелері қаламыздың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып келеді. Біз әрқашан да өмірлік тәжірбиесі мол аға буынды үлгі тұтып, келелі істі бастауда өздеріңізбен кеңесіп отырамыз. Сіздер жүріп өткен жол – жастарымыз үшін үлкен мектеп. Ел бірлігі мен тұтастығына ұлы даламыздағы өркениетті істерге қосар үлестеріңіз мол болсын. Пленум жұмысына қанағаттанарлық деген баға береміз», — деді.

Сонымен қатар, шаһар басшысы Дастан Тұрарбекұлы ардагерлермен бірге алдағы уақытта Талдықорған қаласының тарихына үңіліп, зерттеу жұмыстарын жүргізу керектігін атап өтті.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK