Тәуелсіздік күні қарсаңында Талдықорғандағы көпсалалы балалар ауруханасының жанынан бой көтерген неонаталды хирургия орталығы ел игілігіне берілді. Нысанның ашылу салтанатында сөз алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов алдымен Жетісу жұртын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Сондай-ақ, Амандық Ғаббасұлы: «Мемлекет қолдауының арқасында облыста денсаулық сақтау саласын дамытуда, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруда баса мән беріліп, біршама жұмыстар атқарылды. Бүгінгі  неонаталдық орталықтың ашылуы соның бір дәлелі. Міне, біз бүгін мемлекетіміздің басты мерекесі Тәуелсіздік күніне орай тағы бір маңызды нысанды іске қосып отырмыз. Облысқа жаңа туған сәбилерге, жалпы балаларға арнайы медициналық көмек көрсететін осындай орталық қажет болатын. Бүгін, міне, сол қуанышты күнге де жеттік. Неонаталды хирургиялық орталық қажетті заманауи құралдармен толық жабдықталған. Мұндай орталықтар еліміз бойынша санаулы ғана. Мамандар енді осы құрал-жабдықтарды балалар еміне тиімді пайдаланады деп сенеміз. Қазір біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау саласын цифрландыруды қолға алдық. Бұл ретте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тиімді тетік болып отыр. Осы саладағы көптеген жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылуда. Олардың қатарында облыстың аудан, қалаларындағы дәрігерлік амбулаториялар, емханалар да бар. Медицина ғылымының жетістіктері, жаңа құрал-жабдықтарды кәсібилікпен тиімді қолдану адам өмірін сақтауға және денсаулығын нығайтуға септеседі деп ойлаймын, — деді.

Жаңа туған нәрестелер мен балаларға көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіруге бағытталған неонаталды хирургиялық бұл орталық 60 орынға арналған. 20 палатасы бар. Реанимациялық бөлімде 9 төсек қойылған. Орталық озық үлгідегі құрал-жабдықтармен толық жасақталған. Құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталып, 2018 жылы тамыз айында аяқталған ғимаратқа 896,2 млн. теңге қаражат жұмсалған.

Денсаулық сақтау саласы басшыларының айтуынша, жалпы Алматы облысында медицина мамандарының біліктілігін арттыруға, оларды қайта даярлауға көп көңіл бөлініп келеді. Бұл мақсатқа 2018 жылы жергілікті бюджеттен 201,5 млн. теңге бөлінген. Соның нәтижесінде өңірдің медицина қызметкерлері шетелдің озық клиникаларында тәжірибе алмасуға, белгілі клиникалардың жоғары білікті мамандарынан дәріс тыңдауға мүмкіндік алған. Мәселен, 2018 жылы 344 маман Литва, Польша, Оңтүстік Корея, Түркия кадрларынан дәріс алды. Сол сияқты Израиль, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінде қабылдау бөлімінің жұмысын жетілдіру, лапароскопиялық техникамен жұмыс істеу, триаж жүйесі бойынша медициналық сұрыптауға қатысты тағылымдамадан өткен. Енді Елбасының халыққа Жолдауында атап көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында аймақтағы 50 медицина маманы Литваға акушерлік пен неонатологияда күрделі жағдайда босандыру бойынша оқуға жіберілмек.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK