Бүгін Талдықорғанда 16-желтоқсан  Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналаған «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты салтанатты жиын өтті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Мерекелік шарада талдықорғандықтарды қала әкімі Дастан Шалтабаев құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

– Бұл күн – бабалар арманы ақиқатқа айналған, азаттыққа қол жеткен ұлы күн. Тәуелсіздіктің арқасында ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Елбасымыз бен халқымыздың жасампаз еңбегінің нәтижесінде, сүйікті отанымыз Қазақстан әлемге танылған қуатты мемлекетке айналды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік» деген сөзі бүкіл елді алға жетеледі. Қазақстан халқы бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында жұдырықтай жұмылып, бірліктің, татулықтың үлгісін көрсетіп келеді, — деді Д.Шалтабаев.

Сонымен қатар, Дастан Тұрарбекұлы егемендік жолында талдықорғандықтардың да ел дамуына елеулі үлес қосып келе жатқандығын атап өтті. Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлының қамқорлығы арқасында Талдықорған қаласы барлық салада алға басып, жаңғыру жолында жанданып келеді. Аз уақыт ішінде барлық инфроқұрылыммен қамтылған 6-шы, 7-ші шағын аудандар бой көтеріп, қаланың іргесі кеңіп, ажары айшықтана түсті. Биылғы жылдың өзінде 1200 орынды екі мектеп, 300 орынды музыка мектебі және 500-ден астам орынға арналған жаңа драма театр сияқты бірегей ғимараттар ел игілігіне берілді. Елорданың 20 жылдығы құрметіне облыс орталығында «Астана» даңғылы мен бірге бірнеше жаңа көшелер ашылды.

Сондай-ақ, қала экономикасында тұрақты өсу үрдісі жалғасуда. Мәселен, ағымдағы жылдың 11 айында өнеркәсіп, кәсіпорындар 65 млрд. теңгеден астам қаржының өнімін шығарған. Ауыл шаруашылығында 15,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 105 пайыздан асып отыр. Бесленді жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілер саны 30 пайызға дейін көбейді. Бюджетке 29 млрд. теңгеден астам қаржы жиналып, болжам 107 пайызға орындалды. Талдықорғандықтар қатары да жыл санап артып келеді. Бүгінде халықтың жалпы саны 173 мыңнан асқан.

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Жетісу өңірі, оның ішінде Талдықорған қаласы да қарыштап, алға басып келеді. Мемлекетіміздің ең мәртебелі мерекесі – Тәуелсіздік күнін баршамыз ерекше ілтипатпен, мақтанышмен қарсы алудамыз. Жарқын болашаққа бет алған тәуелсіз Қазақстанның абыройы асқақтай берсін. Ұлы еліміздің келешегін айқындаған Тәуелсіздік күні құтты болсын! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Мереке құтты болсын!», — деді Д.Шалтабаев.

Осыдан кейін мемлекеттік қызмет қатарына алғаш қабылданған жас мамандар өз міндетін адал атқару үшін ел алдында салтанатты түрде ант қабылдады.

Қала әкімі жас қызметкерлерді құттықтағаннан кейін, мерекеге орай марапаттау рәсімін өткізді. Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 04-қазандағы Жарлығы бойынша  Гүлнұр  Нұрымбетоваға «Күміс алқа» белгісі және оқыту, тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін Қазақстан Республикасы білім және ғылым Министірінің шешімімен Алматай Оңғаровға «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі берілді.

Ал, қаланың дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқаны үшін, «Талдықорған қаласының құрметті азаматы» атағы құқық қорғау саласының ардагері, генерал-майор Нұрлан Бекмұхамбетов пен «Талдықорған қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Малдыбай Қалиевке табысталды.

Сондай-ақ, Алматы облысы әкімінің және мәслихат хатшысының «Құрмет грамотасымен» мерекеге орай Талдықорған қаласы әкімінің «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатымен» бірнеше азаматтар марапатталды.

Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Жетісудың жез таңдай әншілері мен мың бұралған бишілері жиын көркін қыздыра түсті.

Ал, өз кезегінде сахына төріне шыққан Қазақстан Республикасының Халық әртісі Роза Рымбаева әннен шашу шашып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, эстрада жұлдызы талдықорғандықтарды айтулы мерекемен құттықтап, өзінің ақ тілегін ақтарды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK