А.Баталов: «Облысымыз мерекені толайым табыспен қарсы алуда»

343
Фото авторы А.Нұршанов

Тәуелсіздік күні қарсаңында 65 жерлесіміз мемлекеттік наградаға және бірқатар азаматтар  «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағына ие болды.

Фото авторы А.Нұршанов

Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов «Еліміздегі ең қастерлі мереке –  Тәуелсіздік күні құтты болсын! Көк байрағы желбіреген, айбынды Қазақ елі – Мәңгілік Еліміз жасай берсін! Бұл күн – бабалар арманы ақиқатқа айналған, азаттыққа қол жеткен ұлы күн. Ширек ғасыр ішінде Президентіміз бен халқымыздың жасампаз еңбегі арқасында, біздің еліміз – әлемге танылған, қуатты мемлекетке айналды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар.   Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!»- деген сөзі бүкіл елді алға жетеледі. Тәуелсіз Қазақстан қысқа мерзім ішінде қуатты да гүлденген мемлекет құруда үлкен табыстарға қол жеткізді. Тиімді де бәсекеге қабілетті экономиканың негізі қаланды. Қазақстан Республикасы  — кемелденген, қуатты мемлекетке айналды. Қазақстан халқы бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында жұдырықтай жұмылып, бірліктің, татулықтың үлгісін көрсетіп келеді. Елбасының бастамасымен елорданы Сарыарқаның төріне көшіру еліміздің геосаяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуына жаңа екпін берді. Биыл бас қаламыз – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Айтулы шараға орай, Жетісу жұртшылығы бас қалада «Жетісу» саябағын жаңғыртты. Жетісу өңірінде саябақтар, бірқатар өндіріс орындары, ал Талдықорған қаласында Астана даңғылы салтанатты түрде ашылды. Елбасының Жарлығымен Райымбек ауданы бөлініп, Райымбек және Кеген аудандары құрылды. Елбасымыз ұлттық тарихымыздың тамыры тереңде жатқанын, халқымыздың өткенінен үлгі алып, болашағының жарқын екенін атап көрсеткен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын ұсынды. Биылғы Жолдауында басталған реформаларды жалғастырып, тұрғындарға ыңғайлы орта қалыптастыру, білім, денсаулық саласында қызмет көрсетуді жақсартып, цифрландыру мәселесіне ерекше ден қойды. Келесі 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Ел болашағы жастарға қамқорлықты күшейту, оларға бейімді орта қалыптастыру және жұмыс істеуіне жағдай жасау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бұл орайда Жетісу жастарын жаңа міндеттер, жаңашылдық бастамалар мен нақты істер күтіп тұр.  Жолдауда біздің Алматы облысындағы нәтижелі істерді айтып өтуі – бүкіл жетісулықтардың абыройын арттырды.  Бұл – сіздер мен біздің еңбегіміздің жемісі деп білемін. Облысымыз биыл да Тәуелсіздік мерекесін толайым табыс пен жемісті нәтижелермен қарсы алып отыр. Экономиканың барлық саласында өсу серпіні сақталды. Елбасы өзінің туған өлкесі – жер жәннаты Жетісуға үнемі үлкен көңіл бөліп келеді. Ағымдағы жылы облысқа келген сапарында туризм мен аграрлы саланы қарқынды дамытуға байланысты бірқатар тапсырмалар берді. Қант қызылшасын қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасы сәтімен іске асырылып келеді (11,2 мың гектар жерге өсірілді. 420 мың тонна тәтті түбірден рекордтық  өнім алынып, одан  40 мың тоннадан астам қант өндіру жоспарлануда).  Ақсу және Көксу қант зауыттары қайта жаңғыртудан өтіп, тұрақты жұмыс істеуге көшті.   Ендігі кезекте Қарабұлақ, Алакөл қант заводтарын модернизациядан өткізіп, іске қосу міндеті тұр. Жүгері саласында кластер құрылып, өнімді терең өңдеуге қол жеткіздік.  Бүгінде облыс экономикасының драйвері болып саналатын ауылшаруашылығы саласында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, нарыққа қажетті бәсекеге қабілетті басымды өнімдерінің өндірісін қамтамасыз ету жолға қойылды. Елбасының қатысуымен өткен Индустриализация күні Қапшағай қаласында «Маревен Фуд Тянь-Шань» кәсіпорны салтанатты жағдайда іске қосылды. Аталған жұмыстардың бәрі тәуелсіздік алған жылдардағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясаты мен ел экономикасын әртараптандыру бағытындағы қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білемін» — деп барша қауымды құттықтады.

Фото авторы А.Нұршанов

Салтанатты жиын барысында мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға атсалысқан үлесі үшін 65 адамға «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медалі, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы табысталды.

Фото авторы А.Нұршанов

Сонымен қатар «АқниетГрупп» ЖШС техникалық директоры Сақтаған Әбілазимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Сәбит Құрманәлиев, Алматы облысы бойынша «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қызметкері Омар Қасымбеков  облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін  «Алматы облысының Құрметті азаматы» атанды.

Фото авторы А.Нұршанов

Рустам Алпысбаев, Алматы облысының ішкі саясат басқармасының басшысы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.  Ең әуелі бұл марапат үлкен жауапкершілік жүктейді. Жастығымызға қарамастан сенім артып, құрмет көрсетіп, марапаттап жатқанына облыс басшылығына алғысымды білдіремін.  Бұл – әрдайым жұмыстың жүйелі түрде жүргізілуіне атсалысып жүрген  ішкі саясат басқармасының құрамындағы барша мекемелерге, ұжымға ортақ марапат.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK