Тәуелсіздік — түп тамырымыз

89
Дереккөз

Міне, еліміздің егемендік алып, Тәуелсіздік Туын көтергеніне де ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы мерзім ішінде Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстан жан-жақты өркендеп, дүниежүзіне танылды.

ҚР Президенті Егемендік алған алғашқы бесжылдықтың өзінде «Қазақстан – 2050» стратегиясын белгілеп, болашақтың бағдарын жасап берді емес пе? Бұл құжаттан бастау алған «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы бүгінгі түбегейлі өзгерістерге қол жеткіздік. Нақтылай айтсам, білім, денсаулық, экономикадағы шағын және орта бизнестің дамуы, индустриялық, интеграциялық, цифрлық-технологиялық өркениеттегі жетістіктер, қазақ өнері мен мәдениетінің әлемдік деңгейге көтерілуі – бәрі де Тәуелсіздіктің жемісі. Алдымызда әлемде дамыған 30 озық мемлекеттің қатарына қосылу міндеті тұр. Ол үшін не істеу керек?…

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында рухани сананы, ұлттық рухымызды жаңғырту қажеттігіне терең мән береді. Ұлы дала — қазақтың мекені, ежелгі қонысы.

Сонау Ұлы түрік қағанатын билеген Бумын, Елтеріс, бөрілі байрағымызды желбіретіп, таққа отырған Білге қаған, еліміздің елдігін, жеріміздің кеңдігін, халқымыздың теңдігін қорғаған Күлтегін, Тоныкөк бабаларымыздың «Мәңгілік ел» идеясы бүгінде Президентіміздің алға тартып отырған игі бастамаларында жарқын көрініс тауып отыр. Осы тұрғыдан алғанда кино және театр өнеріне де үлкен жауапкершілік артылғанын аңғаруға болады. Біздің, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры осы бағытта ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Жақында облыс әкімі А.Ғ.Баталовтың тікелей қолдауымен ашылған театрымыздың жаңа ғимаратында Т.Жүргеновтің 120 жылдығына арналған «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты Орталық Азия мемлекеттері VII халықаралық театр фестивалін өткізіп, ашылу салтанатында М.Әуезов, Қ.Мұхамеджановтың «Айман-Шолпан» комедиясының тұсаукесерін жасадық. Ағымдағы жылы мамыр айында «Ел тарихы – жер тарихы» атты драма шығармаларының республикалық байқауын да өткізген болатынбыз. Сол байқауда Гран-приді иеленген Қолғанат Мұраттың «Орбұлақ шайқасы» драмасын Тұңғыш Президент күнінде Жаркентте Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына арналған мемориалдың ашылу мерекесінде де көрерменге тарту етіп, ел мерейін асырдық. Бұл қос туынды халқымыздың өткен тарихын, бүкіл салт-дәстүр, әдет-ғұрыпын, ұлттық болмысын насихаттауға бағышталған. Алдағы уақытта осындай Ұлы даланың мәдениеті мен өнерін дәріптейтін қойылымдардың санын көбейтуді көздеп отырмыз.

Елбасы 2019 жылды  «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл да біздің ұжымға жас актерлердің сахналық шеберлігін арттыру, тұрмыс-жағдайын жақсарту барысында күрделі міндеттерді жүктейді. Болашақта осы бағытта жұмыс атқарып, мүйізі қарағайдай шетелдік өнер ордаларымен іс-тәжірибе алмасып, Халықаралық театр фестивальдеріне қатысу жоспарымызда жоқ емес. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында халқымызға тыныштық, бейбіт аспан, дастархандарына ырыс-береке, жарқын болашақ тілеймін. Тәуелсіздік Туы тұғырлы, Мәңгілік еліміздің еңсесі биік болсын.

Руслан  Сенкебаев, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының директоры.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK