Жетісу мемлекеттік университеті, оқытушы мен шәкірт
дереккөз

Тәуелсіздік күні қарсаңында  І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің  мәдени-көпшілік іс-шаралар бөлімінің ұйымдастыруымен «Екі жұлдыз» атты факультетаралық оқытушылар мен білімгерлер арасындағы ән байқауы өтті. Астана қаласының 20 жылдығына орай  өткен байқаудың ақтық кезеңіне 3 жұп қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқаудың мақсаты — оқу орны оқытушылары мен білімгерлерінің арасындағы қарым-қатынасты нығайтып  қана қоймай, мемлекеттік тілімізді кеңінен насихаттап, ұжымның шығармашылығын ынталандыру ниетінен туған жоба екен.

Айта кететіні, аталмыш байқаудың іріктеу кезеңі 29 қараша күні  өткен болатын.  Алғашқы кезеңде  6 факультеттен барлығы 6 жұп қатысып, үздік деп танылған үш жұп ақтық сынға жолдама алған. Байқау ережесі бойынша сайыскерлер  қазақ тілінде және  шет тілінде жанды дауыста ән орындауға тиісті.  Бұл байқау  университет ректоры Қуат Маратұлының қолдауымен екінші  рет ұйымдастырылып отыр. Көрермендердің ықыласына бөленген бұл жоба  өте тартысты басталды. Ұстаз да, шәкірті де өз өнерлерін ортаға салды. Оларға мүйізі қарағайдай облысымызға белгілі әншілер мен өнер иелері әділқазылық етті.

Өнер байқауының қорытындысында, гуманитарлық факультетінің оқытушысы  Анель  Есжанова  мен 1-курс білімгері  Ақнұр  Арызбаева  «Хейла» Ayumi , «Rolling in the Deep»  Adele әндерін тамаша орындап, бірінші орынды иеленді. Ал жаратылыстану-техникалық факультетінің оқытушысы  Жантуар Сүлеймен мен  география мамандығының 2-курс  студенті Айнұр Құрмашова –екінші орынға лайық деп танылды.
Құқық және экономика факультетінің оқытушысы Азамат Тілеубаев пен
білімгер Камила Жүнісова жүлделі үшінші орынға табан тіреді.  Өнерлі жұптарға диплом мен қаржылай сый ұсынылды. Ал ақтық кезеңге қол жеткізе алмаған өнерпаздарға да  алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK