«Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» курсының аясында Талдықорған қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушылары және политехникалық колледж студенттері үшін атақты «Қайнар АКБ» аккумулятор зауытында арнайы сабақ өтті.

Алматы облысында «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» элективті курсы пилоттық жоба ретінде Ш. Уәлиханов мектебінде жүзеге асырылуда. Жоғары сынып оқушылары үшін бизнес негіздеріне оқыту, сонымен бірге, табысты кәсіпкерлермен кездесулер мен бизнес-нысандарға экскурсия ұйымдастырылады.

«Қайнар АКБ» аккумулятор зауыты Қазақстанда ғана емес, ТМД нарығында ірі және жетекші кәсіпорын болып табылады. Компания жылына 2,5 млн өнім шығарып, оны ТМД және Еуропа елдеріне, Қытай мен Африкаға экспортқа шығарады. Зауыттың негізін өңірдегі танымал кәсіпкер мен қоғам қайраткері Қуаныш Әжмағанбетов қалаған. Зауытта экскурсияны сапа бойынша директор Олег Кабанов жүргізді. Оқушылар мен студенттерге кәсіпорынның құрылу тарихы таныстырылып, қауіпсіздік техникасы түсіндірілді.

«Дүкен сөресінде немесе көлікте көретін аккумуляторлар қорғасыннан дайындалады. Зауытта корпустар әзірлеп, дайын өнімдерді шығаратын өндіріске дейін алты цех жұмыс істейді», — дейді Олег Кабанов.

Ары қарай қатысушылар цехтарды аралап, жұмысшылармен кездесіп, қызықтырған сауалдарын қойды.

Оқушылар мен студенттерге кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігіндегі қызметі кеңінен айтылды.

«Қазіргі таңда зауытта үш кезекпен 900 адам жұмыс істейді. Жұмысшылар үшін тегін жеткізу мен тамақтандыру қарастырылған. Медициналық қамтамасыз ету, соның ішінде санаториялық емделу көзделген», — деп атап өтті Олег Кабанов.

Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ардақ Қашқарова кәсіпорын жанындағы оқу орталығынан білім алу мүмкіндігін айтты. Оқу орталығы өңірлік палатаның қолдауымен ашылған.«Оқу орталығында «аккумуляторшы» мамандығын меңгеруге болады. Мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыссыз азаматтар бір айдан алты айға дейін білім алып, ай сайынғы шәкіртақы алып отырады. Сонымен бірге, оқуды табысты аяқтаған жағдайда кәсіпорын жұмыспен қамтуға кепіл береді», — дейді Ардақ Қашқарова.Айта кетейік, «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» элективті курсын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе әзірлеген болатын. Пәннің мақсаты – бизнес-идеяларды жастар арасында танымал ету және Қазақстанда жаппай кәсіпкерлікті дамыту.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK