Қазақстан бокс федерациясы 2018 жылдың нәтижелерін қорытындылады. Жыл үздіктері анықталып, арнайы марапатталды, — деп хабарлайды massaget.kz порталына сілтеме жасаған taldykorgan-online.kz

Еліміздегі 2018 жылдың ең үздік боксшысы марапатына Теміртас Жүсіпов ие болды. Ақмола облысының боксшысы биыл 5 дүркін ел чемпионы атанған болатын. Ал қыздар арасында Жайна Шекербекова үздік деп танылды. Ол осы жылы Нью-Делиде өткен әлем чемпионатында күміс медаль еншілеген еді.

Жастар арасында ағайынды Оралбайлар жылдың үздік боксшылары атанды. Биыл Айбек Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында топ жарса, Нұрбек жастар арасында әлем чемпионы болды.

Жасөспірім қыздар арасында екі боксшы марапатталды. Жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері Надежда Рябец пен әлем және Азия чемпионы болған Дина Исламбек үздік деп танылды.

Жылдың үздік жаттықтырушысы марапатына Ақмола облысы мен Теміртас Жүсіповтің жеке бапкері Қуанышпай Көкішев, Қазақстан жастар құрамасының бапкері Ғалымбек Кенжебаев, ағайынды Оралбайлардың бапкері Асқар Еркебаев ие болды.

Астана бокс федерациясы 2018 жылдың үздік ұжымы атанды. Ал үздік төреші марапатын Арман Бүркітбаев иеленді.

Қазақ боксының 85 жылдығы қарсаңында «Қазақстан боксын дамытудағы еңбегі үшін» арнайы сыймен төреші Серік Әбденалиев марапатталды. Сондай-ақ Борис Цхвирашвили, Рахымжан Сыдықов, Виктор Демьяненко, Евгений Зайцев, Александр Аникин, Хамит Бараев, Давид Костоев пен Абдурашид Абдурахмановқа мақтау қағаздары мен арнайы сыйлықтар табысталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK