Талдықорғанда ересектер арасында аралас жауынгерлік жекпе-жектен ММА спортынан «Battle of Nomads» атты халықаралық турнир өтті, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

«Жастар» спорт кешенінде өткен байрақты додаға халық көп жиналды. Алғашқы бәсеке отандасымыз Дмитрий “Небесный войн” Кудинов (5-3-0) пен қырғызстандық Адис Талайбекуулу (3-0-0) арасында өтті. Жекпе-жек басталған бойда біздің спортшы өзін көрсете білді. Үш раунд бойы қарсыласын соққының астына алған Дима төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жетті.

Екінші кездесуде темір қоршау ішіне қазақстандық Шавкат “Номад” Рахмонов (9-0-0) пен қырғызстандық Ринат “Рико” Саякбаев (10-4-0) шықты. Бұл кездесу ұзаққа созылмады. Аяғынан қатты соққы алғандықтан қырғыз балуаны жарысты мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды. Жеңіс Шавкаттың еншісінде.

Ал, айтулы доданың басты бәсекесі еліміздің намысын жат жұртта қорғап жүрген спортшымыз, Алматы облысының тумасы, ҚР ММА кубогының жеңімпазы, К-1 бойынша Қазақстан, Еуразия және Еуропа чемпионы және кигбоксингтан спорт шебері Арман Әшімов (8-3-1) пен испаниялық Кристиан Горсиа Колладо (10-4-0) арасында өтті. Бұл жекпе-жек те ұзаққа созылған жоқ. Гонг соғыла салысымен қарсыласына соққыны қарша жаудырған Арман алғашқы раундта-ақ жеңіске жетіп, ел абыройын ақтады.

Жеңімпазды грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров құттықтап, Алматы облысы әкімінің алғыс хатын табыстады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK