Медициналық сақтандыру — ортақ жауапкершілік

262

Еліміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  Мемлекет басшысының тапсырмасына сай  қолға  алынған . «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының  80-қадамына байланысты және Денсаулық сақтау саласын дамытудың  2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізіліп отыр.  Жұмыс істеп жүрген азаматтар жарнаны мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына  2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап төлей бастайды.   Ал, жұмыссыз және өзін-өзі  жұмыспен қамтыған азаматтарды тіркеу жұмысы қалай жүзеге асырылып жатқандығын білу мақсатында   Талдықорған қаласы әкімдігінің халықты  жұмыспен қамту орталығының басшысы Гүлмира Есжановаға жолыққан едік.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі еліміз бойынша енгізілетіндігі туралы хабардар етілуде.  Осы  мақсатқа байланысты қала бойынша қандай жұмыстар қолға алынған?

—  Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында «Бейресми жұмыспен қамтылған халықты деректендіру және ел экономикасы мен міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесіне тарту жөнінде» 2017 жылдың сәуірінен бастап мәртебесі анықталмаған азаматтарды тіркеу бойынша арнайы штаб, мобильдік топ құрылды.  Міне, осы топтар халықтың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың мекенжайы бойынша үй-үйді аралап шықты. Азаматтарға хабарлама таратылып, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жөнінде хабардар еттік.

Сондай-ақ, қала әкімінің тапсырмасы бойынша, үстіміздегі жылдың қазан, қараша айларында  орталықтың мамандары арнайы келісіммен қала мектептерінде өткізілген ата-аналар жиналысына қатысып, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, арнайы кітапшалар таратылды.

-Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар анықталды ма?

— Жаңа жоғарыда арнайы штаб құрылғандығын айтып өттім ғой. Оның құрамына  қаладағы мемлекеттік мекемелердің өкілдері тартылған. Бұл жерде, жұмыссыз болып тіркелмеген және өзін-өзі тұрақсыз жұмыспен қамтыған азаматтардың мәртебесін анықтап алуымыз керек.

 Мәртебе анықтау жұмыстарына қала тұрғындарының мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталығының мамандары, мектеп мұғалімдері, Еркін және Өтенай ауылдық округі әкімдігінің мамандары қатысты.  Жүргізілген жұмыс нәтижесі бойынша мәртебесі анықталған азаматтарды санаттарға бөліп, тиісті бөлімдерге ары қарай өз базалары бойынша тіркеу (өзектендіру) жұмыстары жүргізілуде. Қала бойынша  2018 жылдың басынан бері   27 мыңдай азаматтың мәртебесі анықталу үстінде. Қазіргі таңда  15700 адамның мәртебесі нақтыланды. Оларды жікке бөлер болсақ, 8257-сі жалдамалы жұмыста,  салық органдарында тіркеуге алынған 113,   жұмыспен қамту орталығына тіркелмеген- 64, әлеуметтік көмек алатын -1063,  26 әйел  жүктілік демалыста , 742-і  студент, басқа жаққа қоныс аударған 90 адам бар екендігі анықталды. Медициналық сақтандыру қорына төлем аударуға 3594 адам тілек білдірді.

—  Жұмыссыз, өзін-өзі  жұмыспен қамтыған  азаматтар үшін бұл жүйенің   тигізер пайдасы қандай?

— Бұл- халықтың денсаулығын қорғау жүйесі болып табылады. Дамыған елдердің көпшілігі оны денсаулық сақтау саласында қолданып, нәтижесін көріп отыр. Бүгінгі таңда басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сондықтан да денсаулыққа қатысты мәселелерді алдын ала ойластыру қашанда оң нәтиже бермек. Әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты, дегенмен, мемлекет бұл мәселеде қарапайым халыққа көптеген жағдайларды, ұтымды және жақсы мүмкіндіктерді жасап отыр. Мысалы, сақтандыру жарналарын азаматтарға жұмыс беруші мекемелер төлеп отырады, ал, жұмыссыздар мен еңбекке жарамсыз адамдар үшін жарна мемлекеттен аударылатындығы айтылуда.   Егер азамат жұмыссыз болса, онда қалалық жұмыспен қамту орталығына келіп, тіркелгені жөн.  Мемлекеттік «Нәтижелі  жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту»  бағдарламасы аясында  қысқа мерзімді оқуға  жолдама, тұрақты жұмыс табуға, сондай-ақ,  кәсіпкерлікті қолға алуға мүмкіндіктер бар екендігін айтқым келеді.

-Сізге  сұхбатыңыз үшін рахмет.

                                                                               

                          

                                                                                    

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK