«Алтын тобылғы» әдеби байқауының жеңімпаздары анықталды

281
Дереккөз

Назарбаев орталығында «Алтын тобылғы» республикалық әдеби байқауы қорытындыланды. Оған түрлі жанрда қалам тербеп жүрген 18 бен 35 жас аралығындағы қаламгерлер қатысты.

Жас қаламгерлердің байқауы осымен төртінші рет өтіп отыр. Биылғы бәйгеге елдің түкпір-түкпірінен 108 шығарма жіберілді. Жеңімпаздар «Жылдың үздік прозасы», «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы», «Жылдың үздік драматургиясы» дәстүрлі аталымдар бойынша белгіленді. Әр номинация бойынша сыйақы қоры — 1 миллион теңге. Сонымен қатар, байқау Астананың мерейтойына орай «Астананың 20 жылдығы» тақырыбына арналған «Үздік әдеби туынды» арнайы аталыммен толықты. Оның жүлде қоры — 1,5 миллион теңге. «Жылдың үздік прозасы» аталымында «Адасқандар» шығармасымен Айзат Рақышева үздік шықты. «Жылдың үздік поэзиясы» аталымы бойынша Қайсар Қауымбек («Күңіренбе, молалар») және Айбол Исламғалиев («Жалғыздық картинасы») қатар жеңімпаз атанды. «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» аталымында Алина Гатина жеңімпаз болды. «Астананың 20 жылдығы» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды» аталымының иегері болып Шерхан Талап («Астана бояулары») танылды. «Жылдың үздік драматургиясы» аталымы бойынша ұсынылған жұмыстардың қойылған талаптарға сай келмеуіне байланысты, жеңімпаз анықталған жоқ. Сондай-ақ «Жылдың үздік прозасы» аталымы бойынша Тұрсынбек Башарға («Чириме») және «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» аталымында Ақан Марғұланға («Жетіқарақшы») көтермелеу сыйақысы ретінде 500 мың теңгеден берілді.

Дереккөз

«Жыл сайын «Алтын тобылғы» байқауы бізге қазақстандық жаңа ақындар мен жазушыларды танытады. Бұл өз кезегінде жастар мен қоғам арасында қазіргі заманғы әдебиетті оқуға ынталандыруға, жаңа буын авторларының жарқын өкілдерін анықтауға ықпал етеді. Біз басты құндылық деп осыны  санаймыз», — деді Тұңғыш Президент Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев. Ұсынылған жұмыстар — адамдар арасындағы қарым-қатынас, олардың іс-әрекеттері, ұлттық болмыс пен ел дамуы туралы сыр шертетін шынайы немесе ойдан шығарылған оқиғалар. «Байқау аталымдары белгілі бір дәрежеде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған халқымыздың рухани құндылықтарын айшықтайды. Сол себепті ұлттық мәдениетті, тарихты және ел жетістіктеріне арналған шығармашылық жұмыстарды біріктіріп, жаңа аталымды қосу мүмкіндігі қарастырылуда», — деді Қанат Жұмабаев.

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Қоры баспасөз қызметі

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK