Талдықорған қаласындағы Б.Римова атындағы облыстық драма театрының жаңа ғимаратында «Құлқынның құлы…» атты қойылымның  тұсаукесері өтті. Шығарма авторы  қарымды қаламгер,  халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Тұрлыбек Мәмесейіт. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оған қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған игі шараны ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев жобалаған.

БАҚ өкілдері алдында сөз алған Серікбай Өрікбайұлы: «Бүгінде, жалпы, Жетісу өңірінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ауқымды шаралар қолға алынуда. Оған облыс әкімі жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Жақында халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне байланысты «Жер жәннатын аялайық, жемқорлықтан арылайық!» атты ұранмен  арнайы айлық ұйымдастырылған болатын. Айлық акцияда жастарға тәрбиелік  мәні зор көптеген шаралар қамтылды. Бүгінгі қойылым соның бір дәлелі. Осы қойылымды көрген әрбір адам өрелі ой түйіп, ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне көз жетізіп, сыбайлас жемқорлық деген дреттің түбі орға жығатынын сезіп, одан аулақ болуға құлшынады деп ойлаймын»,– деді.

Қойылым авторы Тұрлыбек Мәмесейіт: «Бұл шығарма осыдан бірнеше жыл бұрын өмірде болған оқиға ізімен жазылды. Алғашында «Тулақ» деген тақырыппен жазған едім. Кейін осы шараны ұйымдастырушылар «Құлқынның құлы…» деген тақырыпқа тоқтапты. Нақтырақ айтқанда, ата-бабадан қалған осынау жерді көздің қарашығындай аялап сақтау әрбір адамның  маңдай алды борышы. Оны болымсыз ақша үшін тістегеннің аузына, ұстағанның қолына бере салу барып тұрған бассыздық. Соның бәрі сыбайлас жемқорлықтан туындайды. Сол үшін де Елбасы жерді сатуға және жалға беруге шектеу қойды. Сондықтан жалпы жұрт болып күресіп әлемде дендеп кеткен жемқорлық дертінен арылуымыз керек. Ұлттық рухымызды көтеріп, бабаларымыздан қалған асыл мұраларды қорғауымыз тиіс», –деп атап айтты. Жалпы, танымал театр актерлерінің сахналауымен көрермен назарына ұсынылған қойылым көптің қошаметіне бөленіп, көңілінен шықты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK