2018 жылдың қорытындысы бойынша мемлекет сыйлықақысын алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына 29 желтоқсан сағат 18.00-ге дейін депозиттерін толықтырып үлгеру керек. Бұл күннен кейін шотқа салынан ақша 2018 жылдың қаңтар айында бір-ақ аударылады және келер жылдың есебіне кіретін болады.

Жыл сайын республикалық бюджеттен азаматтарға олардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесуге арналған қаражат бөлініп отырады. Бұл ақша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына мемлекеттік сыйлықақы ретінде беріледі. Сыйлықақы 200 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын салым сомасы бойынша есептеледі. Мәселен, бір жыл ішінде салымшы депозитіне 481 000 теңге жинаса, ол 96 200 теңгеге тең ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақыға қол жеткізеді.

Мемлекеттік сыйлықақының бұған дейін аталған бонус берілмеген сомаға ғана тағайындалатынын білген ләзім. Яғни сыйлықақы әр жыл сайын сол жыл ішінде шотқа салынған қаражат пен өткен жылы ескерілмеген депозит сомасы бойынша есептеледі. Алдыңғы жылы депозитке салынған сома 200 айлық есептік көрсеткіштен асып кетсе, оның мемлекеттік сыйлықақы берілмеген бөлігі 2019 жылы ескерілетін болады.

Бір салымшы банктен бірнеше депозит ашса, мемлекеттік сыйлықақы соның біреуіне ғана беріледі.

Қазір Алматы облысындағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары мемлекеттік сыйлықақы алудан бөлек, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алушылар пулына да қатыса алады. Банк Талдықорған қаласының Оңтүстік-Батысындағы ауданда салынған 290 пәтерден тұратын үш 16 қабатты және бір 5 қабатты үй бойынша өтініш қабылдап жатыр. Таза әрлеудегі пәтерлердің 1 шаршы метрінің бағасы 140 000 теңгені құрайды.

Байқауға қатысуға арналған негізгі талаптар:

  • ҚР азаматы болу немесе оралман мәртебесіне ие болу;
  • Банк салымшысы болу
  • Талдықорған қаласында тұрақты тіркеуде тұру (мерзімі маңызды емес)
  • Төлем қабілеттілігін растау
  • Депозитте үй бағасының 20%-на тең сома жинау
  • Соңғы 5 жыл ішінде атында тұрғын үй болмауы қажет.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK