Кемеңгер көшбасшының кемел ұстанымы Қазақстанды әлемге танытты — А.Баталов

422

Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Халқының Елбасына деген ерекше ықыласының, зор құрметінің айғағы ретінде тойланып келе жатқан айтулы мерекемен Жетісу халқын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді.

«1991 жылы 1 желтоқсанда жалпыхалықтық сайлауда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланып, Тәуелсіз Қазақстанның негізін салды. Елбасы ел тізгінін қолға алған сәттен бастап, халықаралық және ұлтаралық шиеленісті мәселелерді шешуде өзіне тән сабырлылықпен уақыттың талабына сай үйлестіре алатын саясаткер ретінде әлем назарын аударды. «Мемлекет басқару-өнер атаулының төресі»,-дейді Демокрит. Президент қысқа мерзім ішінде жаңа әрі жас мемлекетті дүние жүзіне танытты, дербес ел екенімізді әлем мойындады. Қазақстан жаңа дәуірдің, жаңа заманның есігін ашты. Қазақстан «Бәйтерек» елге айналды. Әр жылы ғасырға тән тарихи кезеңде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша қолтаңбасы бар. Осы жиырма жеті жылдың ішінде халқымызды дағдарыстан дамуға бастап, еліміздің саяси өмірі жаңарып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің бірлігі, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Елбасының көрегендігімен ерік-жігерінің арқасында ядролық қарудан бас тартып, Семей полигонын жабу арқылы тәуелсіздігімізге әлемнің іргелі мемлекеттері кепілдігін берді. Жаңа Астана-татулық пен бейбітшіліктің алаңына айналды. Білікті реформатор әрі кемел көшбасшы болашаққа бет түзеген қазақ елін қай кезде де бірлік пен еңбекке жұмылдырды. Мемлекет басшысының қолдауымен тікелей шешімінің арқасында, облыс орталығы Алатаудай асқақ, жер жанаты-Жетісу төріндегі Талдықорғанға ауысқаннан бастап келбеті күн санап көркейіп келеді. Бүгінде облыс орталығы-Талдықорған қаласының тұрғындары соңғы он жылда 2 есеге артып, 173 мыңнан асты. Қаламызда бүгінгі заманға сай,сәулетті,бірегей ғимараттар ел игілігі үшін қызмет етуде. Айта кету керек, егер 2001 жылы облыс бюджеті 21,2 млрд. теңге құраса, қазіргі күні облыс бюджеті 20,5 есеге өсіп, 434,3 млрд. теңгеге жетті. Сондай-ақ, жергілікті бюджетке түсетін табыс 17,6 есе өсіп, 11 млрд. теңгеден 196 млрд. теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, Елбасымыздың «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде облыс аумағында әлемдік стандарттарға лайық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» (304 км), Алматы-Талдықорған (260 км) жолдары салынды. Ауқымды жоба- Үлкен Алматы-айналма автомобиль жолының құрылысы басталды, ол облыс экономикасының дамуына күшті қарқын береді. (Талдықорған-Өскемен) және «Үшарал-Достық», «Ұзынағаш-Отар», «Күрті-Буырылбайтал» жолдарының құрылысы жүргізілуде. Елбасының биылғы Жолдауының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі:табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталуы тегін емес. Бұл құжатта Президент шағын және орта бизнесті қолдау, жалақыны көбейту, коммуналдық тарифтердің өсуіне жол бермеу сияқты аса маңызды тапсырмалар берді. Көптің игілігіне қызмет ететін қаншама мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Осы үлкен мақсаттарды іске асыру, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет ету-біздің басты міндетіміз. Өз тағдырын елінің тағдырымен байланыстырған, халқының бағына туған Ұлы перзент-Тұңғыш Президентіміздің есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылатыны анық»,-дей келе елімізге амандық,халқымызға береке-бірлік тіледі.

Салтанатты жиында сөз алған Қарасай аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы, Елбасының сыныптасы Сайлаубек Қыдыралиев, «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Жанәділов, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ ректоры Қуат Баймырзаев, Ақсу ауданы Ақын Сара мәдени-жастар орталығының директоры Фариза Анвартураева  Тұңғыш Президент жайлы естеліктерімен бөлісіп, Елбасы ұстанған саясаттың жемісі жайлы толғана айтты. Мерекеге орай мемлекеттік қызметке қабылданған жас мемлекеттік қызметшілердің Ант қабылдау рәсімі өтіп,облысымыздың бірқатар азаматтары Астана қаласының 20 жылдығына орай мерейтойлық медальдармен марапатталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK