Талдықорғанда «Ауылым – алтын бесігім» атты облыстық байқау мәресіне жетті. Ауылдық Мәдениет үйлері мен клубтары арасында өткен бәсекеге 16 аудан және екі қала бойынша барлығы 34 мәдениет үйі мен клубтары қатысқан. Байқау жеңімпаздары І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында марапатталды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Алматы облысының Мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының және облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен болған байқау 10 сәуірінде басталып, 18 мамыр күні аяқталған.

Мұндағы басты мақсат – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып, халықтың рухани және эстетикалық сұранысын қанағаттандыру, ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерінің жұмыстарын жандандыру.

Салтанатты шарада Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов сөз алып, жеңімпаздарды құттықтады.

– Мәдениеттің өзегі, қайнар бұлағы ауылдан бастау алатыныны белгілі. Өнерді, салт-дәстүрді, рухани құндылықтарды қаймағы бұзылмаған ауылдан табамыз. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында облысымызда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен «Туған жерге туыңды тік» деген бағдары бәріміз үшін ел алдында үлкен жауапкершілік жүктейді. Халқымыздың мәдени әл-ауқатын арттырмай, толыққанды ел болу қиын екені белгілі. Барлық өнердің бастауына айналған ауыл мәдениетінің болашағы – қазақ елінің рухани кемелденуі. Сол себепті ауыл жұртшылығына деген көмегімізді аямай, қолдау таныту – біздің басты міндетіміз. Байқауға белсене қатысқан ауылдық Мәдениет үйлері мен клубтарға шын жүректен ризашылығымды білдіремін, – деді Л.Тұрлашов.

Байқау барысында қазылар алқасы мәдениет үйлерінің материалдық жағдайын, ондағы көркем өнерпаздары үйірмелерінің жұмысын, мәдени шараларды өткізу деңгейін, тұрғындардың қамтылуын және дипломмен ауылға бағдарламасы бойынша жас мамандардың тартылуын назарға ала отырып, жеңімпаздарды анықтаған.

Жоғары деңгейде мәдени шараларды өткізуде үздіктер қатарынан көрінген Еңбекшіқазақ ауданынан Бәйдібек би, Ескелді ауданынан Алдаберген, Жамбыл ауданынан Қарақыстақ, Ақсу ауданынан Сағабүйен, Панфилов ауданынан Кіші Шыған, Кербұлақ ауданынан Доланалы, Сарқан ауданынан Екіаша, Кеген ауданынан Жалаңаш ауылдық Мәдениет үйлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, жеңімпаз ұжымдарға дыбыс аппаратурасы және 300 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. Сондай-ақ, жарысқа белсене қатысқан 9 Мәдениет үйіне дыбыс аппаратурасы, 17 Мәдениет үйіне компьютер сыйға тартылды. Солардың қатарында Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылдық мәдениет үйі де бар.

Жиын соңы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Күміс көмей әншілер жырдан шашу шашып, мың бұралған бишілер кеш көркін қыздырды.

Айта кетейік, бүгінде Алматы облысында мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын 245 мәдениет үйлері мен клубтары бар. Онда 1356 көркем өнерпаздар үйірмелері жұмыс істейді. Оның ішіндегі 1205 ұжым ауылдық жерден.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK