3 баспана иесі атанған салымшы

389

Әр адам баласы кәмелеттік жасқа толысымен кәсіби білім алудың, отбасын құрудың, шаңырақ көтерудің қамын жасайды. Шаңырақ демекші, кәсіпкер ретінде үлкен бизнесті дамытып отырған адам болсаңыз, қалтаңызда  жинақталған артық қаржыңыз болса жеке баспанаға қол жеткізу оңайлау, әрине. Ал, олай болмаса ше? Осы орайда, Мемлекет тарапынан халықты тұрғын үймен қамту мақсатында арнайы бағдарламалар қабылданып, тіптен арнайы банк ашылғанын оқырман қауым жақсы біледі.  Мәселен, ағымдағы жылдың өзінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы Алматы облысының 1300 салымшысы баспанаға қол жеткізген.

Газетіміздің бұған дейінгі сандарында  баспанаға байланысты мемлекеттік бағдарламалар туралы толыққанды мәліметтер беріп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Алматы облыстық филиалында атқарылған шараларға кеңірек тоқталғанбыз. Енді , аталмыш банк қызметін ұтымды пайдаланудың арқасында  бір емес бірнеше баспанаға ие болған салымшыны да сөзге тартып көрелік.

Қоқанова Бану Әшімқызы, зейнеткер:

— Мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспаналы болу мүмкіндігі туралы алғаш рет 2006 жылы әскери қызметте жүргенде банк менеджерлерінен естідім. Бағдарлама ұнады. Менің қасымдағы әріптестерім де қуаттап, 2007 жылы банк салымшысы атандық. Банктің «Қолжетімді баспана» бағдарламасына қатысу үшін «Бастау» депозитін таңдадым. Бұл 3 жарым жылдың көлеміне есептелгендіктен 2011 жылға дейін қаражатымызды жинақтап, 50 пайызын құйып, 50 пайызын банк несиелеп, 3 бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Ол кезде жанұямызда жолдасым екеуміз,екі баламыз және қолымызда үлкен шешеміз, барлығы 5 адам едік. Кейін өзім зейнеткерлікке шықтым. Балаларымыз үйленді.Жанұя мүшелерінің барлығына депозит ашып,қаржы құюды жалғастыра бердік. Осылайша, қайталама нарықтан тағы да үш бөлмелі пәтер алудың сәті түсіп, қуанышымызға қуаныш қосылды.  Пәтер алуға қызығушылығымыз арта түсті. Ыңғайы келген кезде бірінші алған пәтеріміздің несиесін сәл ертерек жауып тастадық. Бүгінде отбасымыздың қатары көбейді,немерелер дүниеге келді. Болашағымызды ойлап, жеке тұрғын үй салуды мақсат тұттық. «Жастар- 1» шағын ауданынан реті келгенде жер алып, тағы да банктің арнайы бағдарламасын ұтымды пайдаланып,үлкен үйдің қабырғасын қалап, шатырын жауып та қойдық. Алла бұйырса, көктемде қоныс тойын да тойлап қалармыз.

-Жеке тұрғын үйге қол жеткізуді армандайтын азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз?

-Барша оқырмандарға,қасымдағы жолдастарыма,таныстарыма айтарым, біздің алдымызға қойған арман-мақсатарымыз орындалып жатыр. Сіздердің де біз сияқты баспаналы болуға мүмкіндіктеріңіз бар. Өзімнің көптеген әріптестерім де осы банк арқылы қоныс тойын тойлады. Ең бастысы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынып отырған бағдарламалар өте тиімді, қолжетімді. Пайызы да төмен. Қолыңыздағы үнемделген қаржыны құйып отырсаңыз болғаны.Біз алғаш тұрғын үйге қол жеткізуге ұмтылғанымызда 50 пайызын жинақтау міндетті болатын. Қазір ол пайыз мөлшері де төмендеді. 10,20 пайызын жинақтаса болғаны. Тағы бір қуанарлығы жинаған қаржыңызға жылына бір рет Үкімет тарапынан сыйақы беріледі. Бұйыртса, немерелердің де болашағын ойлаймыз. Банк бағдарламалары жыл сайын өзгеріп, халыққа тиімді жағы ескеріліп келеді ғой. Сондықтан да, біз депозитке ақша жинау жағын тоқтатпаймыз. Түсінгенім, адам алдына мақсат қойып, оған сенсе, алынбайтын қамал жоқ. Барша халыққа баспана бақытын сезінуді бұйыртсын!

2018 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Әскери баспана» бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама аясында облыс аумағында 64 әскери қызметкер баспанаға қол жеткізсе, 19 қызметкер несие рәсімдеуде.

Қияс Руслан Мырғиясұлы, 18404 ә/б қызметкері:

— Мен «Әскери баспана» бағдарламасы бойынша қаңтар айында арнайы шот ашып,екі ай бұрын «Жетісу» ықшам ауданынан қайталама нарық арқылы 3 бөлмелі пәтерге ие болдым. Отбасымызда жұбайымыз екеуміз 6 бала тәрбиелеп отырмыз. Біздің шотымызға Мемлекет қаржы құяды. Бұл әскерилерге үлкен демеу.Биыл менімен бірге қызметтес 23 азамат тұрғын үйге қол жеткізді.Барлығы да қоныс тойын тойлауда. Қуаныштымыз! Болашақта балаларымызға да шот ашып, қаржы құюды жоспарлап отырмыз.

Қымбатты оқырман, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Алматы облысының тұрғындарына 2018 жылы 10 млрд. теңгенің несиесін рәсімдепті. Бүгінде банктің облыстық филиалының депозиттік портфелі 3,5 млрд теңгеге толығып, кредиттік портфелі 19 млрд. теңгеден асқан. Алматы облысында мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы алаңы 107817,1 шаршы метр 1 874 пәтер салынып, қолданысқа берілген. Банк «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған үш 16 қабаттық және бір 5 қабаттық үйдегі 290 пәтерге өтініштер қабылдауда. Пәтерлердің 1 шаршы метрінің құны 140 000 теңге. Жақсы әрленіп, дайын тұрған пәтердің иесі атану үшін Тұрғын үй құрыыс жинақ банкінің клиенті болу міндетті. Депозитте пәтер құнының 20 пайызы болуы тиіс. Несие бойынша  жылдық мөлшерлеме 5 пайызды құрайды.Бұл туралы ҚТҚЖБ Алматы облыстық филиалы басшылығы күні кеше ғана өңірлік БАҚ өкілдерінің басын қосып өткізген шара барысында жан-жақты айтып берді.ҚТҚЖБ салымшылары «Өз үйім» бағдарламасына да қатыса алады. Аталмыш бағдарлама бойынша пәтерлердің 1 шаршы метрінің құны 180 000 тг. Мұнда да бастапқы жарнаның кем дегенде 20 пайызы болған жағдайда 7 пайыздық жылдық мөлшерлеме бойынша тұрғын үй сатып алу үшін  қарыз алуға болады. Осы бағдарлама бойынша салынып жатқан тұрғын үй  келер жылы пайдалануға берілмек. Банк өкілдері өздерінің Елбасы тапсырған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының дамуына қосқан үлестері ретінде қолданыстағы жаңалықтар жайлы тағы да түсіндірді. Атап айтар болсақ, ҚТҚЖБ клиенттері үшін барынша жағдайлар жасауда. Қазіргі таңда банктің мобильдік қосымшасын смартфоныңыз немесе компьютерді қолдана отырып пайдалана аласыз. Тиімділігі-ҚТҚЖБ ашқан депозитіңізді  үйден шықпай ақ толтырып, несиеңізді жаба аласыз.Болашақ пәтеріңізді де осы мобильдік қосымшаны пайдаланып таңдауға мүмкіндігіңіз бар. Депозиттер ашуға да қолайлы. «ТҚЖБ24» интернет-банкингі, Baspana.kz. жылжымайтын мүлік порталы, онлайн-шегінім, бейне консультациялар, әскери қызметкерлерге арналған ASKERI BASPANA порталы,төлемдерді қабылдауға арналған балама арналар, кеңесшілердің дамыған желісінің көмегімен банкке келместен өз тұрғын үй мәселеңізді шеше аласыз. Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің клиенті атануға асығыңыз, ағайын!

Г.Нұршанова

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK