Талдықорғанда Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы – 2018» жастар сыйлығының иегерлері анықталды. Өңір басшысы Амандық Баталов жеңімпаздарды құттықтап, олардың әрқайсысына 250 мың теңгенің ақшалай сыйлығын тапсырды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Дәстүрге айналған шараның негізгі мақсаты – түрлі салада қызмет етіп, көптеген нәтижелерге қол жеткізген жастарды ынталандыру.

Салтанатты кеште сөз алған Амандық Ғаббасұлы:

Биылғы «Көшбасшы» сыйлығын тапсыру ерекше жағдайда өтіп отыр. Президентіміз «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылды  «Жастар жылы» деп жариялап, 13 қарашада тиісті жарлыққа қол қойғаны белгілі. Баршаңызды осы тарихи оқиғамен шын жүректен құттықтаймын, — деді.

Сондай-ақ, облыс әкімі Президентіміздің тапсырмасына орай өңірде жастар саясатының жемісті жүзеге асуы ерекше бақылауда екендігін атап өтті. Бұл бағытқа бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға артып, 2018 жылы 565 млн. теңгені құрап отыр. Елімізде алғашқылардың бірі болып, Талдықорғанның төрінен Жастарға қызмет көрсету орталығы салынды. Бүгінде ол жерде коворкинг және тағы да басқа алаңдар құрылып, жастардың бас қосып, өз мәселелерін шешуіне мүмкіндік жасалған.

«Жалпы, «Көшбасшы» байқауына 14 пен 29 жас аралығындағы облысысыздың белсенді жастары қатысады. Биыл 200-ге жуық үміткердің ішінен 19 номинация бойынша үздіктерді анықтадық», — дейді ұйымдастырушылар.

Атап айтсақ, Көшбасшы жастардың ішінде  «Үздік  жас журналист» номинациясын «Жетісу» телеарнасының тілшісі Мәдина Берікова жеңіп алды. Ал, «Үздік  жас мемлекеттік қызметші» аталымы Алматы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы Сәкен Түкібаевқа бұйырса,  «Үздік жас әскери қызметші» — Іле ауданы 2177 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Ришат Дантаев, «Үздік жас кәсіпкер» — «Qprint» полиграфиялық полиграфиялық қызмет көрсету орталығының директоры Диас Қилыбаев, «Үздік  жас спортшы» — Талдықорған заң колледжінің 3-курс студенті Анель Құдайберген, «Үздік жас өнерпаз» — Жамбыл ауданы «Сүйінбай сазы» фольклорлы — этнографиялық ансамблінің жеке дауыстағы әншісі Ақбота Серікболова, «Үздік  жас ғалым» — І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің докторанты Бархудар Гусенов.

«Ауыл шаруашылығының үздік жас маманы» — Қарасай ауданы «Қазақ  егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің  кіші ғылыми қызметкері Рахия Елназарқызы, «Үздік  жас отбасы» — Козбековтар отбасы, «Үздік  жас дәрігер» — Еңбекшіқазақ ауданының орталық аруханасының терапевт дәрігері Азамат Аубакиров, «Үздік  жас ұстаз» — І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы Азамат Тлеубаев.

«Үздік ерікті» — Алматы облысы пікір-сайыс одағының төрағасы Ержан Даулетбаев, «Үздік студент» — Панфилов ауданы Жаркент гуманитарлық -техникалық колледжінің студенті Айжан Тұрғанбаева, «Жас  батыр» — Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 3-курс студенті Ельдар Абдиев, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының үздік сарбазы — І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 2 курс білімгері Меліс Аукенов.

«Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының үздік көшбасшысы — Талдықорған қаласы, №14 орта мектептің 9-сынып оқушысы Бауыржан Қадырханов, «Үздік жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы» — Ақсу ауданы Қапал ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Мейрамбек Рахимбаев, «Аудандық жастар ресурстық орталығының үздік маманы» — Сарқан ауданы жастар ресурстық орталығының жетекшісі Аслан Күбентаев және «Жастар үкіметтік емес ұйымының  үздік көшбасшысы» номинациясына «Алматы облысы студенттерінің одағы» ЖҚБ төрағасы Елдар Сапаров лайық деп танылды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK