Қазақтың ұлттық спорты деген кезде бірден есімізге «Көкпар», «Қыз қуу», «Аударыспақ» және «Теңге ілу» сынды ойындар түсетіні белгілі. Ал, тарих қойнауында қалып қойған ұлттық ойындардың бірі – «Хан дойбысы» жайлы бүгінде көбісі біле бермейді. Иә, аты айтып тұрғандай кезінде мұнымен тек хандар ойнаған деседі. Көне ойынды талдықорғандық Әнуар Қабдолдаұлы түбегейлі зерттеп, диссертация жазған. Ғылыми еңбегін ұлттық спорт академиясында қорғап, 2008 жылы жерлесі Қайрат Жақияұлының көмегімен авторлық құқығын заңдастырыпты. Осылайша, жетісулық азаматтардың мұрындық болуымен ұлттық құндылықтарымыздың бір қаймағы қайтадан жанданып отыр.

«Хан дойбысы» ойынының тарихы тым терең. Әнуар Қабдолдаұлының айтуынша, Алматы облысы Есік қаласы маңынан табылған «Алтын адамға» қазба жұмыстарын жүргізу барысында хан дойбысының ойын тастары табылған. Киіз үй пішіндес тастар әртүрлі қазақы ою-өрнектермен нақышталып, пілдің сүйегінен жасалыпты. Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде ға­лымдар бұл тастардың қолданыста болған мерзімін Үйсін мемлекеті дәуірімен сәйкестендіріп отыр.

Хан дойбысы

Жалпы, қазақ ұғымында дойбы ойыны текті және тексіз болып екіге бөлінеді екен. Әнуар Қабдолдаұлы тексіз дойбы деп – кәдімгі өзімізге үйреншікті «шашки» ойынын айтып отыр.

«Мұнда қай тас бірінші болып межеге жетсе, сол би деген сөз. Дәл осы ойыннан ешқандай да тектіліктің нышаны байқалмайды. Кім мықты болса, соның билігі жүреді. Ал, текті дойбы дегеніміз – «Хан дойбысы». Оның жеке ханы, биі, бегі, алаша халқы және тентегі мен қарашасы бар. Мұның әрқайсысы төрткөз тор тақтада әртүрлі рөл атқарады. Олар қандай ерлік жасаса да, өз дәрежесінен бір елі ауытқымайды. Ханы – хан, биі – би болып қала береді. Яғни, бұл ойынның ерекшелігі – хан өзінің қасқа жолымен ғана жүретінінде. Тек маңайындағыларға ықпал ете алғандығы болмаса, басқа жерде билігін жүргізе алмайды», — дейді «Хан дойбысы» ойынын дамыту ұйымының төрағасы.

Айтуынша, ойынның жүріс-тұрысы да өзгеше. Ондағы жүрістер алға және екі жанына қарай бағытталған. Артқа қайтуға жол жоқ. Алдыңыздағы төрткөз тор тақтаны ертедегі соғыс алаңы ретінде қарайсыз. Ойынға қатысушы екі адам ханның рөлін атқарады. Кімнің ақыл-айласы жоғары, саяси ақылы басым болса, сол адам жеңіске жетпек.

 «Бұл ойын – ата-бабаларымыздан бізге жеткен таптырмас мұра болып табылады. «Хан дойбысының» бір кереметі ою-өрнектермен нақышталған кестесінде», — дейді Әнуар Қабдолдаұлы.

Хан дойбысы

Ал, тақтадағы ортақ фигура қазақтың киіз үйі. Киіз үйдің сыртындағы өрнектері мен шаңырағының түсі олардың дәрежесін нақтылай түсуге көмектеседі. Жалпы, жиырма төрт үйден құралған екі хандық ақедік, көкедік болып бір-біріне қарсы ойнайды. Жеңгені жалпақ дүниеге билік айтады. Ойын ережесінің қысқаша баламасы осындай.

Енді «Хан дойбысы» ойынының бүгінгі жағдайына тоқталсақ. Жалпы, еліміздің өзге аймақтарына кең тарала қоймаған ойын түрі бүгінде Алматы облысында жақсы дамып келеді. Мектептер арасында жарыстар ұйымдастырылып, балалар арасында қызығушылық артқан.

Хан дойбысы

«Бұл ойын баланың зейіні мен ойлау қабілетін арттыруға септігін тигізеді. Біз жыл сайын тұңғыш Президент күніне орай, Алматы облысы және Талдықорған қаласы бойынша, Нұрсұлтан есімді жастар мен жасөспірімдер арасында жарыс өткіземіз. Сайыс қорытындысы Мемлекет басшысының назарына ұсынылып отырады. Жас ұрпақты ұлттық спортқа баулып, игі шара ұйымдастырып жүргенімізді ескерген ҚР Президенті кеңесінің бастығы Махмұт Қасымбеков Елбасымыздың ризашылығына толы алғыс  жолдады», — дейді Ә.Қабдолдаұлы.

Алайда, «Хан дойбысын» кеңінен насихаттауға қолбайлау болып тұрған басты мәселе – тақтайшасы мен тастарын дайындайтын кәсіпорынның болмауы. Әнуардың айтуынша, жергілікті билік тарапынан қолдау болмағандықтан, бұл мәселеге кәсіпкерлер сенімсіздікпен қарауда.

«Егер көрші мемлекеттерге ұсыныс тастасақ, бұл құндылығымызды иеленіп кетуі мүмкін. Мәселен, Қырғыз елі «Хан дойбысына» қызығушылық танытып, қатарынан екі рет ұсыныс жасады.  Бірақ, біз өзіміздің жанашыр азаматтарымыздан қолдау күтіп отырмыз. Яғни, өз елімізде жасағымыз келеді», — дейді ұйым төрағасы.

Р.S Елбасының өзі аталмыш ойынға ерекше мән беріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолдау көрсетілуі керектігін айтқан екен. Осы орайда қаржыландыру мәселесімен Әнуар Қабдолдаұлы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа барған. Өңір басшысы да бұған қызығушылық танытып, бір көмек болатынын айтып сендіріпті. Яғни, алдағы уақытта бұл мәселе оң шешімін табатынына үміттіміз.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK